«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы жұмысын аяқтады
Ол сегіз ай бойы қызмет көрсетті

Бүгін «Саламатты Қазақстан» медициналық-әлеуметтік пойызы жұмысын аяқтады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Ortcom.kz мәліметінше, пойыз жұмысын 1 мамырда бастап, 8 ай ішінде 17 облысты аралады. Биыл медициналық пойыз жұмысын су тасқыны болған батыс өңірлерден бастап, жұмысын Жетісу облысында аяқтайды. Өткен жылы 121 станция қамтылса, биыл 140 шалғай елді мекенде болып, 21 мың шақырымнан астам жол жүріп өтті.
Пойыз аралаған станцияларда және оның қасындағы ауылдарда ірі ауруханалар жоқ. Былтыр пойызда 35 маман қызмет атқарса, биыл 40 маман тартылды. Олар түрлі бағыттағы дәрігерлер, медиатор мен заңгер, – деді Samruk-Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Альфия Адиева ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, мақсат кем дегенде 100 мың халықты қамту болған. Бұл міндет толығымен орындалып, бұл көрсеткіш өткен жылға қарағанда 12 мыңға артып, 104 250 ауыл тұрғынына медициналық әрі құқықтық көмек көрсетілді.