Заң бұзған басшы жауапқа тартылды
Степногорск қаласында прокуратура шамамен 85 млн теңгенің мемлекеттік сатып алуы заңсыз өткізілгені анықталды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Степногорск қаласының мемлекеттік активтер және сатып алу бөлімі «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңның талаптарын бұза отырып, 84,8 млн теңге сомасына жылы аялдамаларды дайындау және орнату жұмыстарына ашық конкурс өткізуді көздегені анықталды.
Атап айтқанда, жұмыс істелетін нақты жерді көрсетпеу, эскизді бекітпеу, сондай-ақ бағаны белгілейтін құжаттамалық негіздемесіз ұсыну бойынша (сметалық құжаттаманың болмауы) заңбұзушылықтар анықталды, - деп жазылған Ақмола облысы прокуратурасы таратқан хабарламада.
Қадағалау актісі бойынша конкурстың күші жойылды, бюджет қаражаты басқа әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруға бағытталды. Осылайша, бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына жол берілмеді.
Заңбұзушылыққа жол берген лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.