Halyq Uni логотип
×

Алматыда бес жылда 100 км-ге жуық көше жаңартылады

Бұндай ауқымды жұмыс Қазақстанда алғаш рет қолға алынып отыр

 Қымбат Елтайқызы 18.12.2024 | 14:03
Алматыда бес жылда 100 км-ге жуық көше жаңартылады
фото: Алматы әкімдігі

Алматыда «қасбеттен қасбетке дейін» қағидаты бойынша 2025-2026 жылдары ұзындығы 49 км болатын 11 көше көріктендіріледі, 2030 жылға дейін барлығы 94,2 км болатын 37 көше жаңартылады, деп хабарлайды Halyq Uni.

2025-2026 жылдары Алматыда 49,2 км ұзындығы 11 көше кешенді түрде көркейтіледі. Алматы – ел бойынша жайлы урбан орта құрудың халықаралық стандартын енгізіп жатқан алғашқы қала. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев мәлімдеді.

Әлемнің ірі мегаполистерінің озық тәжірибесі көшелерді «қасбеттен қасбетке дейін» кешенді көріктендіру тәсілі жайлы және заманауи қала ортасын құрудың ең оңтайлы шешімі екенін көрсетеді. Біз Алматыда осы халықаралық стандартты енгізудеміз. Бұл тәсілді қолданатын Қазақстандағы алғашқы қала болдық, – деді Досаев. 

Әкімнің айтуынша, бүгін Достық даңғылы (әл-Фараби даңғылынан Абай даңғылына дейін) және Пушкин көшесі (Гоголь көшесінен Райымбек даңғылына дейін) жобаларының ЖСҚ әзірлеу жұмыстары аяқталды. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың наурызында басталады (3,7 млрд теңге). 2025 жылдың ақпанында Радостовец және Мақатаев көшелерінің жобалау жұмыстары аяқталып, құрылыс-монтаждау жұмыстары 2025 жылдың мамырында басталады. 2025 жылы Желтоқсан көшесінде (Байтұрсынов көшесінен Райымбек даңғылына дейін) ұзындығы 4,6 км және Райымбек даңғылында (Пушкин көшесінен Алтын Ордаға дейін) ұзындығы 17,2 км болатын екі жаңа BRT желісі салынып, көшелер «қасбеттен қасбетке дейін» қағидаты бойынша кешенді көріктендіріледі.

«Алматыбасжоспар» ЖШС мәліметінше, жобалық жұмыстар аясында қалалық инфрақұрылымды кешенді жаңарту көзделген. Көшелер заманауи жаяу жүргіншілер жолдарымен жабдықталады. Олар қала тұрғындарының қауіпсіз және ыңғайлы қозғалысын қамтамасыз етеді. Тротуарларда ыңғайлы орындықтар, беседкалар, қоқыс жәшіктері және жаңа жарықтандыру тіректері орнатылады. Барлық жұмыс тұрғындар мен қала қонақтары үшін жайлылықты, экологиялық тазалықты және қалалық ортаның тартымдылығын қамтамасыз ететін заманауи көріктендіру стандарттары ескеріле отырып жасалады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама