Қылмыс құқық қорғау органдарына хабарланбаған
Солтүстік Қазақстан облысында студенттердің арасында бопсалауға жол берген колледж басшылығы жауапқа тартылды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Облыстық прокуратура мәліметінше, Ленинград ауылшаруашылық колледжінің студенттерімен жеке әңгімелесу барысында бірінші курс студенттерінен ақшаны жүйелі түрде қорқытып алу фактісі анықталған.
Прокуратураның материалдарына сүйене отырып, бұл факт Қылмыстық кодекстің 194-бабының 1-бөліміне сәйкес, Ақжар аудандық полиция бөлімімен сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне дереу тіркелді. Ақжар аудандық сотының биылғы 28 қарашадағы үкімімен аталған колледждің 3-курс студенті осы қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 2 жылға бас бостандығынан айырылды, – делінген прокуратура хабарламасында.
Бүгінде үкім заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетсек, аталған фактіні оқу орнының басшылығы білгенімен, құқық қорғау органдарына хабарланбаған. Прокурорлық қадағалау актісі бойынша жасалған заңбұзушылықтар үшін колледждің директоры мен жауапты қызметкерлері заңмен белгіленген жауапкершілікке тартылып, болашақта мұндай фактілерге жол бермеу жұмыстарын ұйымдастыру қайта қаралды.