Астанада республикалық олимпиаданың жеңімпаздары анықталды
7 оқушы университетте тегін оқуға мүмкіндік алды
Астанада ауыл мектептерінің оқушыларына арналған қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы II республикалық олимпиаданың жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, қорытынды кезеңге 450 оқушы қатысты. 3 күнге созылған білім сайысының нәтижесі бойынша ең жоғары бағаға қол жеткізген 197 оқушы жүлдегер атанды: 36 – алтын, 65 – күміс, 96 – қола медаль.
«Үздік олимпиадалық команда» номинациясы бойынша I дәрежелі дипломмен Алматы облысының құрама командасы марапатталды. II дәрежелі диплом Түркістан, Атырау және Маңғыстау облыстарының командаларына, III дәрежелі диплом Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарының командаларына берілді.
7 жеңімпаз елдің жетекші жоғары оқу орындарының ректорлық гранттарына ие болды (SDU – 4, халықаралық Қожа Ахмет Ясауи университеті – 3).
Айта кетейік, республикалық олимпиада 13 пән бойынша өткізіледі. Ол 3 кезеңнен тұрады.
Биыл мектепішілік кезеңге 99 264 оқушы қатысып, олардың 53 593-і аудандық деңгейге өтті. Облыстық кезеңде 12 мың оқушы бақ сынаса, финалдық кезеңге мың жуық оқушы іріктелді. Қоғамдық-гуманитарлық бағытта 450, ал жаратылыстану-математика бағытында 486 оқушы бәсекеге түсті. Барлығы екі бағыт бойынша 418 жүлдегер анықталды. Ақтық кезеңге өткен 940 оқушының барлығы «Дарын» республикалық сырттай мектебіне қабылданды.
I дәрежелі диплом иегерлері 2025 жылдың наурызында өтетін жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың соңғы кезеңіне қатыса алады.