Досаев Бибігүл Төлегенованың 95 жасқа толуына орай президенттің құттықтауын жеткізді
Бибігүл Ахметқызы жылы лебіздер үшін алғысын білдіріп, барша қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады
Аты аңызға айналған опера әншісі, актриса, педагог Бибігүл Төлегенова 16 желтоқсанда туған күнін атап өтті. Биыл КСРО халық әртісі, «Отан» орденінің иегері, Алматы қаласының Құрметті азаматы және академик 95 жасқа толып отыр.
Бибігүл Ахметқызын айтулы күнмен Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев құттықтап барды. Ол президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан құттықтау хатты оқыды. Онда ұлттық мәдениеттің дамуына зор үлес қосқан көрнекті өнер қайраткерінің еңбегі атап өтілген.
Ұзақ жылғы жемісті шығармашылық жолыңыз Сізді абырой биігіне көтерді. Еліміздің алтын қорына мол мұра қалдырдыңыз. Өнегелі де өнерлі шәкірттер тәрбиелеп шығардыңыз. Ерен еңбегіңіздің жоғары мемлекеттік наградалармен, мәртебелі атақтармен және айрықша сыйлықтармен аталып өтуі – зор мерей, - делінген мемлекет басшысының құттықтауында.
Өз кезегінде Бибігүл Ахметқызы жылы лебіздер үшін алғысын білдіріп, барша қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады.
Айта кетсек, 21 желтоқсанда сағат 15:00-де Республика сарайында Бибігүл Төлегенованың 95 жылдығына арналған салтанатты концерт өтеді. Бағдарламада Бибігүл Ахметқызының шығармашылығы шабыт берген, өздері де жетекші жұлдызға айналған көрнекті әртістердің орындауындағы классикалық және қазақ музыкасының ұлы туындылары орындалады.