Балалар омбудсмені Оралдағы оқушы қыздың буллингке ұшырауына қатысты үн қатты
Оқиғадан кейін баланың көру қабілеті нашарлап, психологиялық жағдайы әлсіреген
Қазақстандағы бала құқығы жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Instagram-дағы парақшасында Орал қаласындағы 10 жастағы оқушы қызды сыныптастарының ұрып-соғу оқиғасы бойынша істі қайта қарауды талап етті, деп хабарлайды Halyq Uni.
Орал қаласында 10 жастағы қызды сыныптастарының ұрып-соғуы бойынша облыстық прокуратурамен байланысып, істі қайта қарау туралы сұрау жібердім. Сонымен қатар қыздың анасына қажетті көмекті ұйымдастыру мәселелері бойынша хабарластым, – деп жазды ол.
Бұған дейін Орал қаласының тұрғыны өзінің қызы мектепте буллингке ұшырап, сыныптастары соққыға жыққанын мәлім еткен болатын. Анасының айтуынша, оқиғадан кейін баланың көру қабілеті нашарлап, психологиялық жағдайы әлсіреген. Әлі де басы аурып, жүрек айнуы мазалайды.
Орал қалалық білім беру бөлімі бұл оқиғаның мектепте болғанын растады. Алайда буллинг фактісін жоққа шығарды. Динара Закиева бұл істің әділ қаралып, зардап шеккен оқушыға қажетті көмек көрсетілуін қамтамасыз етуге ниетті екенін жеткізді.