Семейде 22 жастағы жігітті пышақтап өлтірген күдіктіге үкім шықты

Халық үні

Марқұмның туыстары тағайындалған жазамен келіспеді

фото: Halyq Uni

Семейде 22 жастағы жігітті азаптап өлтірген тұрғын сотталды. Судья қанды қылмысты жасады деген күдіктіні 12 жылға бас бостандығынан айырды. Бірақ бұл үкіммен жәбірленуші тарап келіспей отыр, деп хабарлайды Halyq Uni КТК телеарнасына сілтеме жасап. 

Оқиға жыл басында Үржар ауданында болған. Жергілікті тұрғындардың бірі түнде дүкеннің алдында адам өліп жатқанын көріп, жедел жәрдем шақыртқан. 22 жастағы Рахат Райбекті аяусыз пышақтап кеткен екен. Марқұмның туыстары бір үйдің жалғыз ұлына 21 жерден пышақ салған дейді. Кейін осындай айуандыққа барды деген күдікпен жергілікті тұрғындардың бірі ұсталды.

Қылмысыкерге аса жоғары жаза берілген жоқ. Біз ең жоғарғы жаза берсін деп бірнеше рет талап-өтініш жазғанбыз. Өкінішке қарай, тергеу ісі де, сот ісі де қанағаттандырмады. Енді біз апелляцияға беріп, әрі қарай әділдіктің, шындықтың түбіне жетуге дайынбыз, – дейді марқұмның әпкесі Шолпан Мұхамеджанова.

Судья жалған куәгер болғандардың бәрін жауапқа тарту туралы да шешім шығарды. Сондай-ақ әскери комиссариатқа да тексеріс жүргізілетін болады. Себебі қара жамылған отбасы айғақтарды жоюға көмектескендердің барлығын жауапқа тартуды талап еткен. Ал сотталушы жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтемек.

Қанат Саматұлы Пұшпақпаев, ҚР ҚК-нің 99-бабы 1-бөлігіне сай қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 12 жылға бас бостандығынан айырылсын. ҚР ҚК-нің 46-бабы, 5-бөлігінің 2-тармағына сәйкес, жазасын қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтесін, – деді судья Айжан Бесеева.