Ақтөбе облысында алименттен жалтарғандардың үстінен қылмыстық іс қозғалды

Динара Амантай

Сот орындаушыларының қызметінде заңбұзушылықтар анықталды

Фото: Halyq Uni

Ақтөбе облысында жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы қызметіне тексеру жүргізілді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Ақпаратқа сәйкес, алимент өндіру жөніндегі сот актілерін орындау барысында көптеген заңбұзушылықтар, оның ішінде борышкерлерді жұмысқа орналастыруда сот орындаушыларының әрекетсіздігі, борышкерлер мүлкінің бұғатталмауы, тұрақты жұмысы бола тұра, еңбекақыдан қаражат ұстамау, борышкерлердің табысын жасыру, борышкерлердің туристік жолдамалар сатып алуы және құмар ойындарға ақша салуы, тағы басқа кемшіліктер анықталды.

Бұдан бөлек, борышкерлер әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған. Атап айтқанда, борышкерлердің бірі табысының әлдеқайда жоғары болғанына қарамастан, жалған анықтама ұсынып, ең төмен мөлшерде алимент төлеген.

Тағы бір борышкер қымбат туристік жолдама сатып алуға қаржылық мүмкіндігі бола тұра, алимент төлемей, шетелге демалысқа шыққан.

Сондай-ақ, 10 борышкер ақшасы бола тұра, оларды букмекерлік кеңселерде жұмсаған.

Тексеру нәтижесінде борышкерлерге ҚК-нің 139-бабымен 20 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, 5 борышкерге қатысты сот шешімдері шығарылды, – делінген прокуратура хабарламасында.