Астаналықтар оң жағалаудан сол жағалауға және кері бағытта қанша уақыт жұмсайды
Талдау жарияланды

Елорда бағыттарының талдауы жария болды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Sergek ITS мамандары елордалықтардың жұмыс күндері мен демалыс күндері сол жағалаудан оң жағалауға және кері бағытта әртүрлі маршрутпен қанша уақыт жұмсайтынын есептеп шықты, деп мәлімдеді Sergek Group коммуникация департаменті.
Талдауда сол жағалаудағы негізгі нүкте ретінде Қабанбай батыр даңғылы мен Рысқұлов көшесінің қиылысында орналасқан Mega Silk Way сауда-ойын-сауық орталығы таңдалса, оң жағалауда негізгі нүкте ретінде Бөгенбай батыр мен Республика даңғылдарының қиылысы алынған, – деп қосты компания.
Талдау нәтижесінде оң жағалауға қарай ең тығыз қозғалыс дүйсенбі және бейсенбі күндері байқалады. Mega Silk Way-ден Бөгенбай батыр – Республика даңғылдарының қиылысына Қабанбай батыр даңғылы арқылы жету үшін, жұмыс күндері сағат 17:00 мен 18:00 аралығында 1 сағат 46 минут, ал 18:00 мен 19:00 аралығында 2 сағат 12 минут қажет. Демалыс күндері осы бағытта дәл сол уақыт аралығында жолға 1,5 сағаттан 2 сағат 19 минутқа дейін уақыт кетеді. Айта кету керек, кептеліссіз уақытта бұл жолды 32 минутта еңсеруге болады.
Ал сол жағалауға қарай ең тығыз қозғалыс сәрсенбі және жұма күндері тіркелген. Бөгенбай батыр даңғылынан Mega Silk Way-ге дейін 18:00 мен 19:00 аралығында Қабанбай батыр даңғылы арқылы жету үшін 2 сағаттан кем емес уақыт қажет. Демалыс күндері осы уақыт аралығында бұл жолға 2 сағат 13 минут кетеді. Егер кептеліс болмаса, бұл қашықтықты 25 минутта өтуге болады.
Sergek ITS мамандарының айтуынша, Астанада оң жағалау мен сол жағалауды жалғайтын ең жылдам маршрут Тұран даңғылы арқылы өтеді. Бұл бағыт бойынша орташа тәуліктік уақыт 50 минутты құрайды. Ал Қабанбай батыр даңғылымен жүру уақыты 58 минутты алады. Кешкі қарбалас уақытта оң жағалауға жету үшін Тұран даңғылы немесе Мәңгілік ел даңғылымен жүру тиімдірек: жол ұзақтығы шамамен 1,5 сағатты құрайды. Ал Қабанбай батыр даңғылымен жүру шамамен 2 сағатқа созылады. Сол жағалауға бару үшін де Тұран даңғылы арқылы жүру ыңғайлы. Бұл бағытта қозғалыс уақыты 1 сағаттан сәл көбірек уақытты құрайды, ал Қабанбай батыр даңғылымен бұл уақыт 2 сағат 15 минутқа жетеді.
Қабанбай батыр даңғылының жүктемесінің жоғары болуы бірнеше фактормен түсіндіріледі: бұл даңғыл қаланың көптеген маршрутын байланыстыратын негізгі транзиттік жол саналады. Онда 32 бағдаршам орналасқан, сонымен қатар көлік ағынына іргелес орналасқан Қосшы қаласынан келетін автокөліктер де әсер етеді, – деп толықтырды мамандар.
Sergek ITS (Intelligent Transportation System) – бұл көлік ағындарын талдауға, мониторинг жүргізуге және болжауға арналған интеллектуалды жүйе. Бұл жүйе қалалық кептелістердің себептерін анықтауға, қоғамдық көлікке тиімді маршруттар мен кесте құруға, қалалық инфрақұрылымды жоспарлауды өзгертуге, сондай-ақ адамдардың маятниктік миграциясын талдауға мүмкіндік береді. Sergek ITS – Қазақстандық Sergek Group IT компаниясының өнімі.