Павлодарда заңсыз пиротехника сатушылар жазаланды
Жаңа жыл қарсаңында отшашудан зардап шеккендер көбейеді

Павлодарда заңсыз пиротехника сатушыларға айыппұл салынды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Polisia.kz мәліметінше, Павлодар өңірінде «Пиротехника» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында сертификатталмаған отшашуларды сатумен айналысқандарға шара қолданылды. Бұл рейдтер қауіпті бұйымдарды заңсыз сатуды анықтап, қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Тәртіп сақшалары 282 рейдтік іс-шара өткізіп, заңсыз сауда фактілерін анықтады. Павлодардағы сауда үйлерінің бірінде және дүкенде рұқсат құжаттарынсыз пиротехникалық заттар сатылғаны белгілі болды. Кінәлі тұлғаларға 25 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл салынып, қауіпті бұйымдар тәркіленді. Сонымен қатар, кәсіпкерлер мен сатушыларға пиротехникалық өнімдерді кәмелетке толмағандарға сатуға тыйым салынатыны ескертіліп, жарылғыш заттарды заңсыз сатудың жауапкершілігі туралы еске салынды, – делінген ақпаратта.
Құқық қорғау органдары сауда орындарын ғана емес, әлеуметтік желілерді де бақылауда ұстайды. Олар интернет арқылы пиротехникалық өнімдерді сатуға тырысқандарды анықтап, тиісті шара қолданып жатыр. Жақында қала тұрғыны онлайн саудамен айналысқаны үшін айыппұл төлеуге мәжбүр болды.
Полицейлер азаматтарды пиротехниканы пайдалану кезінде сақтық шараларын ұстануға шақырады. Өнім сатып алғанда, сатушыдан сәйкестік сертификатын талап ету қажет. Жарылғыш бұйымдарды дұрыс пайдаланбау ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін екенін есте ұстаған жөн. Сондай-ақ, ата-аналарға ерекше назар аударылып, балаларға пиротехниканы өз бетінше сатып алуға және ересектердің бақылауынсыз қолдануға тыйым салу қажеттігі түсіндірілді.