Биыл байқау бесінші рет ұйымдастырылды
Астанада Тәуелсіздік күні қарсаңында дәстүрлі «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Биыл әдеби сайыс жазушы, қазақ балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналды.
Мәжіліс спикері, AMANAT партиясының төрағасы Ерлан Қошанов партия жас таланттарды, қарымды қаламгерлерді ұдайы қолдайтынын атап өтті.
Байқасаңыздар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев рух деген сөзді жиі айтады. Әділдік, адалдық, отан сүйгіштік, еңбекқорлық, оның ішінде адал еңбек сияқты құндылықтарға ерекше мән береді. Өйткені, бұл құндылықтар елдің рухын көтереді. Сіздердің шығармаларыңызға да осы қасиеттер, құндылықтар, елдегі оң өзгерістер арқау болуға тиіс деп ойлаймын, – деді Мәжіліс төрағасы.
Биыл «Ұлы дала» байқауы бесінші мәрте өткізілді. Байқауға қатысушылардан келіп түскен шығармаларды іріктеу жұмысы 1 тамыздан 30 қазанға дейін жүргізіліп, ақтық сынға 150 шығарма іріктелді. Оның барлығы аikyn.kz сайтында «Ұлы дала байқауы» айдарымен орналастырылды.
«Поэзия» номинациясы бірінші орынды ақын, adebiportal.kz жетекшісі Ықылас Ожайұлы иеленді. Екінші орынды ақын, журналист Мұхтар Күмісбек, үшінші орынды ақын, журналист Ислам Қабулұлы қанжығалады.
«Проза» номинациясы бойынша жазушы, педагог Гүлжан Қанатқызы үздік деп танылды. Екінші орынды жазушы, мұғалім Рамазан Жеткізгенұлы, ал үшінші орынды жазушы Тоқтарәлі Таңжарық иеленді.
«Балаларға арналған шығарма» номинациясында Серікжан Нұрбақытұлы жеңімпаз атанды. Екінші орын жазушы Айнұр Омароваға, үшінші орын ақын әрі театртанушы Әбіл Нұрисламға бұйырды.
«Драматургия» номинациясында бірінші орынды драматург Қолғанат Мұрат, екінші орынды жазушы Рахат Әлішер, үшінші орынды ақын Ақжан Аманжол иеленді.
«Әдеби сын» номинациясында Ақерке Асан жеңімпаз атанды. Екінші орынды ақын, сыншы Тілеубек Батыс, үшінші орынды Арман Әділбек иеленді.
Сондай-ақ Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин және Бейімбет Майлиннің туғанына 130 жыл толуына орай тағайындалған «Үш бәйтерек» арнайы жүлдесі ақын Алмас Темірбайға табысталды. Жазушы әрі аудармашы Жадыра Шамұратова «Алаш аманаты» арнайы сыйлығын иеленді. Ал Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған арнайы сыйлық ақын, әдебиеттанушы Алтынбек Мерсадыққа бұйырды.
Айта кетейік, байқау аясында Бердібек Соқпақбаевқа арналған көрме ұйымдастырылды. Мұхамеджан Тынышбаев атындағы тарихи-өлкетану мұражайының қызметкерлері Астанаға балалар әдебиеті классигі шығармаларының алғашқы басылымдарын, құжаттары мен жеке заттарын әкелді.