Жауапсыз жұмыс берушілердің алғашқы реестрі жасалады
Өтініш берушілердің жеке дерегі құпия сақталады

«Әділдік және өркендеу» қоғамдық қоры 2025 жылы елімізде жосықсыз жұмыс берушілердің алғашқы реестрі жасалатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Жобаның мақсаты – жұмыс берушінің еңбек заңын сақтауға қоғамдық бақылауды күшейту, еңбек кодексін бұзу жайттарын жария ету, еңбек адамының құқығын қорғау, әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ету. Реестрде заңды тұлғаның атауы, мекенжайы, саласы, құқықбұзушылықтың түрі мен саны және тағы басқа деректер болады.
Қор директоры Дана Рысмұхамедова жобаның іске асуы Қазақстан азаматтарының белсенділігіне тікелей байланысты деген пікірде.
Реестрдің жұмыс істеуі еңбек құқығы бұзылған жұмысшылар мен осы мәселеге бейжай қарамайтын қазақстандықтардың белсенділігіне байланысты. Жұмыс беруші алдап кетсе немесе осындай жағдайға куә болсаңыз, бізге хабарлауға шақырамыз. Жауапсыз жұмыс берушілерді реестрге қоссақ, компания атауы мен жетекшілерін барша ел білетін болады. Реестр – жай ғана тізім емес. Ол жұмысшы құқығын қорғау мүмкіндік береді. Біздің бастамамыз әр адамның еңбегі бағаланатын қоғам құру жолындағы қадам боларына сенеміз, - деді басшы Астанада өткен баспасөз мәслихатында.
Реестрдің ережесі adildik.org.kz сайтына жүктелді.
Еңбек кодексінің 22-бабын сақтамаған кез келген жұмыс беруші реестрге енгізілуі мүмкін. Мысалы, жалақының кешіктірілуі, қауіпсіздік техникасын сақтамау, жұмыс тоқтап тұрғаны үшін ақы төлеуден бас тарту, төленетін еңбек демалысын бермеу, жұмыстан заңсыз шығару және тағы басқа. Бұл деректер жұмыс берушіні реестрге енгізуге себеп бола алады. Бұл тұста жұмыс беруші мен жұмысшы арасында еңбек шартының болуы міндетті емес, - деп жазылған қор таратқан хабарламада.
Еңбек құқығының бұзылуы жайлы ақпаратты жұмысшы, ұжым, БАҚ, билік органдарының өкілдері, кәсіподақтар, үкіметтік емес ұйымдар және оқиға куәгері де ұсына алады. Ол үшін жоғарыда аталған сайттағы арнайы форманы толтыру керек.
Жосықсыз жұмыс беруші реестріндегі мәліметтердің дәйектілігі қатаң бақыланады.
Өтініш беруші еңбек қатынасы мен құқықбұзушылық фактісін растайтын құжаттарды ұсынуға тиіс (хабарламалар, скриншоттар, еңбек шартының көшірмесі). Егер жұмыс берушінің әрекетіне қатысты еңбек ұжымынан шағым түссе, жұмысшылар қол қойған парақты ұсыну жеткілікті. Қор ақпаратты ашық дереккөздерден тексере алады. Қажеттілік туындаған жағдайда ресми сұрау жібереді. Реестрге енген жұмыс берушілер уәжбен келіспесе, ақпаратты жоққа шығаратын дәлелдерді ұсына алады. Олар расталса, тізімнен шығарылады. Бірақ құқықбұзушылық қайталанса, бұл жұмыс берушіні реестрден алып тастау уақыты созылады, - деп жазылған хабарламада.
Қор өтініш берушілердің жеке деректерін жарияламайды. Кез келген адам оның мазмұнымен таныса алады. Ақпарат онлайн толықтырылып отырады.
2025 жылы жауапсыз жұмыс берушілердің алғашқы реестрі жарияланады.
Еңбек министрлігінің мәліметінше, бүгінде еліміздегі 277 кәсіпорын 18,7 мың жұмысшыға қарыз. Берешектің жалпы сомасы – 4,4 млрд теңге. Тексеріс барысында еңбек құқығының бұзылуының 7,5 мың дерегі тіркелген.
Айта кетейік, «Әділдік және өркендеу» қоғамдық қоры – жаңа үлгідегі үкіметтік емес ұйым. Оның 20 өңірде өкілдігі мен 7 мыңнан астам жақтасы бар.