Halyq Uni логотип
×

«Келешек» жинақтау жүйесіне қатысты заң мақұлданды

Жүйе баланың оқуына ақша жинауға мүмкіндік береді

 Дәурен Ерболат 12.12.2024 | 19:22
«Келешек» жинақтау жүйесіне қатысты заң мақұлданды
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Сенаттың жалпы отырысында депутаттар «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі, ақпарат, қоғамдық даму, мәдениет және архив ісі салаларында артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Құжаттың маңызды тұстарын сенатор Айгүл Қапбарова түсіндірді.

Біріншіден, заң президенттің «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын іске асыру үшін әзірленді. Құжат ақпарат әрі қоғамдық даму, мәдениет, мұрағат ісі салаларында шамадан тыс регламенттеуді азайтады. Сондай-ақ жұмысты жедел ұйымдастыру мақсатында осы салаларға қатысты заңдардағы мемлекеттік органның негізгі қызметіне, ішкі рәсімдеріне, оның басқа мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылына байланысты ережелерді заңға тәуелді нормативтік-құқықтық актілердің деңгейіне түсіру ұсынылды, - деді депутат.

Екіншіден, Үкіметтің құзыретіне креативті индустрияны дамытуға жәрдемдесетін заңды тұлғаны айқындау бойынша құзырет беріледі. Осылайша, мәдениет саласындағы уәкілетті орган креативті индустрияға мемлекеттік қолдау көрсету және ынталандыру қағидаларын әзірлеу әрі бекіту жөніндегі өкілеттікке ие болады.

Үшіншіден, президенттің 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасын орындау үшін «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесінің қызметін регламенттейтін түзетулерді енгізу көзделіп отыр. Жүйеде Қазақстанда, шетелде кәсіптік-техникалық, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білімге ақы төлеу үшін қаражатты жинақтауға болады. Ағымдағы күнтізбелік жылы 5 жасқа толған балалар үшін салымдарды екінші деңгейдегі банктерде және өмірді сақтандыру компанияларында ашу мүмкіндігі беріледі, - деді Айгүл Қапбарова.

Сенатордың айтуынша, салымшыларға мемлекеттен жыл сайынғы сыйлықақы беру, инвестициялық кіріс алу (бастапқы білім беру капиталын (60 АЕК), жыл сайынғы мемлекеттік сыйлықақы (5-7%), банктің сыйақысын немесе сақтандыру ұйымының инвестициялық кірісі (орта есеппен 12%), салымға кепілдік беру, өндіріп алудан босату және оқу орнын таңдау жағы қарастырылған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама