Halyq Uni логотип
×

Назарбаев университеті Смайыловтың сынына жауап берді

Биыл ЖОО-ға бюджеттен 50% көлемінде қаржы бөлінген

 Дәурен Ерболат 12.12.2024 | 10:48
Назарбаев университеті Смайыловтың сынына жауап берді
Фото: nu.edu.kz

Назарбаев университеті (НУ) Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайыловтың сынына жауап берді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

2024 жылдың екінші жартысында Жоғары аудиторлық палата Назарбаев университетінің 2017 жылдан 2023 жылға дейінгі қызметіне мемлекеттік аудит жүргізген.

Аудит барысында анықталған қаржылық бұзушылықтар бюджеттік бағдарлама шеңберінде студенттердің жол жүруі бойынша өтемақыны және мемлекеттік шәкіртақыларды есептеуге байланысты. Алайда университеттің академиялық және ғылыми қызметіне қатысы жоқ, - деп жазылған НУ таратқан хабарламада.

Аудиторлық есепке сәйкес, университет және оның ұйымдары белгіленген тәртіппен Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымдарын орындау жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірледі. Ол бойынша тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр. Жоспардың орындалу барысы туралы ақпаратты НУ Жоғары қамқоршылық кеңес пен қамқоршылық кеңеске тұрақты негізде енгізіп отырады.

Биыл университетті республикалық бюджеттен қаржыландыру көлемі 50% болды. Қалған сома эндаумент-қор және демеушілер, сондай-ақ білім беру, ғылыми-зерттеу және өзге де қызметтерді ұсыну есебінен жиналады.

Конкурстық рәсімдерді қолданбай, сатып алу Назарбаев университетінің қамқоршылық кеңесі бекіткен сатып алу қағидаларында көзделетінін хабарлаймыз. Олар стратегиялық серіктес университеттерге, сондай-ақ академиялық және ғылыми қызмет саласында қызмет көрсететін басқа да контрагенттерге қатысты қолданылады, - деп жазылған хабарламада.

Университет ағымдағы қызметтегі көрсетілген кемшіліктерді жоюдан басқа, болашақта осындай тәуекелдерге жол бермеу үшін жұмыс істейді.

НУ жаңа білім беру бағдарламаларын ашуды, ақылы негізде білім алушылар санын ұлғайтуды, жасанды интеллект жөніндегі жобаны және өзге де ғылыми жобаларды іске асыратын болады. Сондай-ақ ғалымдар мен мамандарды даярлау жөніндегі өзінің стратегиялық міндеттерін іске асыруды толыққанды қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар коммерцияландыруға бағытталған және Қазақстанның дамуы мен өркендеуі үшін қажет инновациялық ғылыми жобалар бойынша жұмыс істеуді жалғастырады, - деп жазылған хабарламада.

Бұған дейін Жоғары аудиторлық палата Назарбаев университеті 73 млрд теңгегі тиімсіз жұмсағанын хабарлаған еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама