Алматыда 30-ға жуық жасөспірім полицияға жеткізілді

Динара Амантай

Олардың ата-аналарына шаралар қабылданды

Фото: polisia.kz

Алматыда полиция 20-дан астам клуб пен барды тексерді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Жедел жағдайды тұрақтандыру, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың жолын кесу, сондай-ақ балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының, балалар еңбегін пайдаланудың алдын алу мақсатында Алматы қаласының Түрксіб және Жетісу аудандарында жергілікті іс-шара жүргізілді.

Негізгі мақсат – кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу және ескерту, қараусыз қалған және панасыз қалған кәмелетке толмағандарды, олардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз ойын-сауық мекемелерінде немесе үйден тыс жерде болуын, кәмелетке толмағандарды құқық бұзушылықтар жасауға тартатын ересектерді анықтау, – деді Алматы қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Серік Шумаев.

Іс-шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, түнде 31 жастар жиналатын орын, 20 мейрамхана, дәмхана, бар, түнгі клуб, сондай-ақ 6 компьютерлік клуб тексерілді. Нәтижесінде 29 кәмелетке толмаған жасөспірім ұсталып, полицияға жеткізілді, оның 5-і түнгі демалысын ойын залдарында өткізген. Жасөспірімдердің ата-аналарына «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру бойынша шаралар қабылданды.