Шерзат Болаттың өлімі: тергеу жылдың соңында аяқталады
Бүгінде 11 күдікті қамауда отыр
Талғардағы 16 жастағы Шерзаттың Болаттың өліміне қатысты қылмыстық істі тергеу жылдың соңында аяқталады. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Талғардағы кісі өлтіру дерегіне тоқталайын. Жыл соңына дейін қылмыстық істі тергеу аяқталады. Қылмыстық істің материалдары танысуға ұсынылады. Тергеу аяқталу сатысында. Жыл соңына дейін біз барлық тергеу әрекеті мен сараптаманы аяқтаймыз. Бүгінде қылмыстық іске қатысы бар 11 күдікті қамауда отыр. Барлығы жауапқа тартылады. Оларға прокурордың келісімі бойынша түпкілікті айып тағылады, - деді Мәжілістің жалпы отырысынан соң.
Ол Шерхат Болаттың ағасының өліміне қатысты іс қозғалғанын атап өтті.
Суицид бойынша қылмыстық іс қозғалды. Кеше сот-медициналық сараптаманың нәтижесі жұртшылыққа алдын ала жеткізілді. (Шерхат Болаттың ағасының денесінен – автор) зорлық-зомбылық белгісі анықталмады. Қазақстан заңы бойынша тергеу 2 ай жүргізіледі, қажет болған жағдайда ол ұзартылуы мүмкін. Барлық нұсқа ескеріледі. Оның ішінде туысқандарының да нұсқасы ескеріледі, - деді Санжар Әділов.
Айта кетейік, биыл 4 қазанға қараған түні Алматы облысы Талғар қаласында төбелес болып, 16 жастағы Шерзат Болат көз жұмған еді.
12 қазанда марқұмның отбасы тұрған үйді белгісіз біреулер өртеп кетті. Полиция 5 бап бойынша қылмыстық істі тіркеді. 11 күдікті ұсталды.