Түпкі мақсаты «айтылды – орындалды» қағидатын жүзеге асыру болды
Үш жыл жұмыс істеген Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі міндетін аяқтап, оның негізгі мүшелері Ұлттық құрылтай құрамына кірді.
Айта кетсек, зейнетақы жинағының белгілі бір бөлігін баспана алуға пайдалану осы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде көтеріліп, халық арасында кең таралған шешімдердің бірі болды. Педагог мәртебесі туралы заң, шетелдік жұмыс күштеріне берілетін квотаның азаюы, өлім жазасын алып тастау мәселесі де кеңес мүшелерінің бастамасы еді.
Сондай-ақ бұл кеңес аясында қабылданған 20 заңның 14-і – саяси реформалар, бейбіт жиындар, партиялық сайлау тізімінің 30 пайызы әйелдер мен жастар болуы керек деген мәселелер. Оралман атауының қандасқа өзгеруі, көпбалалы отбасыларға 5 мың білім грантын беру идеясын да Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері көтерген болатын.
Көлік жүргізушілерінің бір ғана құжатпен жүре алатыны да осы кеңесте келісілген шешім.
Қысқасы, президент бастамасымен құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің түпкі мақсаты «айтылды – орындалды» қағидатын жүзеге асыру болды. Үш жылда ұлттық кеңес аясында 20 заң қабылданып, президенттің үш жарлығы шықты. Министрліктердің бірнеше бұйрығы мен 90-нан аса құжат қабылданды.