Түркістанда жер астынан жасырын цех табылды (ВИДЕО)
Олардың немен айналысқаны белгілі болды
Түркістан облысының тәртіп сақшылары жасырын жерасты цехын анықтады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Polisia.kz мәліметінше, жедел-іздестіру іс-шаралары барысында сақшылар алкоголь өнімдерін заңсыз өндіретін жерасты цехының қызметін тоқтатты. Қабылданған шаралар нәтижесінде жедел уәкілдер үйде заңсыз бизнес ұйымдастырған Сарыағаш ауданының тұрғынын ұстады.
Тінту кезінде қақпақтарды өңдеуге және штамптауға арналған аппарат, 300 бөтелке мөлшеріндегі дайын алкоголь өнімі, спирт-арақ сұйықтықтарын сақтауға арналған қақпақтар мен ыдыстар тәркіленді. Шығын шамамен 360 мың теңгені құрады, – делінген ақпаратта.
Белгілі болғандай, жерасты цехы аудан аумағында үш ай бойы жұмыс істеген. Ал оның иесі Түркістан облысы екі ауданының сауда орындарында өнімді заңсыз өткізіп отырған.
Осы факт бойынша барлық мән-жайды анықтауға бағытталған қажетті іс-шаралар жүріп жатыр. Жиналған материалдар Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеу департаментіне заңды шешім қабылдау үшін жолданды. Полицейлер жедел алдын алу іс-шараларын жалғастыруда, сондай-ақ азаматтарды құқық бұзушылықтар жасағаны үшін заң аясында жауапкершілік қарастырылғанын еске салады.