Астананың мәдениет басқармасын басқарған Мажағұлов ісі сотта қаралып жатыр
Қылмыстық істе екі айыпталушы бар
Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында елорданың мәдениет басқармасын басқарған Болат Мажағұловқа қатысты іс қаралып жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.
Мажағұлов 2024 жылдың 7 қыркүйегінде ұсталды. Оған қылмыстық кодекстің 189-бабы (сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) бойынша айып тағылған. Қылмыстық істе тағы бір айыпталушы бар – Мәди Қанапинге қылмыстық кодекстің 189-бабы (сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) – қылмыстық кодекстің 28-бабының 5-бөлігі (қылмыстық көмектесуші) бойынша айыпталып отыр.
Бұған дейін Мажағұловтың 2016 жылы «Күн» субұрқағын салу кезінде қаражат жымқырды деген күдікпен ұсталғаны айтылды. Тергеу аясында Болат Мажағұловтың 3 коммерциялық нысанына, 2 автотұрағына және премиум-класты үйдегі пәтеріне шектеу қойылды.
2016 жылы Астана күні мерекесіне орай салынған «Күн» («Есіл өзеніндегі жарық-иллюминациялық және от шоуы») субұрқағының құрылысы кезінде мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілмей, тікелей келісімшарттар жасалған. Субұрқақ жобалық құжаттамасыз және мемлекеттік сараптамадан өтпей салынған. Құрылыс барысында техникалық сипаттамаларға сәйкес келмейтін сапасыз материалдар қолданылған. Нәтижесінде аталған нысан 2017 жылдан бастап жұмыс істемей, қазір апатты жағдайда тұр. Ұрланған қаражаттың көлемі 1 млрд теңгеден асып отыр, – деп хабарлады қаржы мониторингі агенттігі.
Бұл іс бойынша күдіктілердің мүлкіне жалпы сомасы 572 миллион теңгеден астам сомаға шектеу қойылды.
Сотта куәгерлерден жауап алынып жатыр. Сот процесі 11 желтоқсан сағат 10:00-де жалғасады.