Елордада академиялық адалдық форумы өтті
Форумға білім және ғылым саласындағы 200-ге жуық маман қатысты
Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күнінде елордада білім беру саласында парасаттылық мәдениетін ілгерілету бойынша республикалық форум өтті.
Форум еліміздің білім және ғылым саласындағы 200-ге жуық маманды жинады. Іс-шараға БҰҰ ЕҚБ Орталық Азиядағы өңірлік өкілі О.Штольпе, оқу-ағарту бірінші вице-министрі Н.В. Жұмаділдаева, ғылым және жоғары білім вице-министрі Т.И. Ешенқұлов, Maqsut Narikbayev University басқарма төрағасы Т.М. Нәрікбаев, сондай-ақ оқу орындарының 60-қа жуық ректоры қатысты.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали академиялық адалдық – сапалы білім мен табысты кәсіби дамудың негізі екенін атап өтті.
Айта кетейік, Академиялық адалдық лигасы – әділеттілік пен сатылмаушылық принциптерін ілгерілетуге, этикалық стандарттарды дамытуға және білім беру жүйесіндегі бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған білім беру ұйымдарының бірлестігі.
Лига 5 жыл бұрын құрылып, қазір 18 университетті біріктіреді.
Оның ішінде Maqsut Narikbayev University, ҚР президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы, Қазақстан-Британ техникалық университеті, Е. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті бар.
Maqsut Narikbayev University басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев форумда сөйлеген сөзінде Академиялық адалдық лигасының болашағы білім беру процесінің барлық деңгейлерін қамтумен және парасаттылық құндылықтарын қалыптастыруға жүйелі көзқараспен байланысты екенін атап өтті.