Halyq Uni логотип
×

Павлодарда пиротехниканы заңсыз сату дерегі анықталды

Мереке қарсаңында осындай заңбұзушулықтар көбейеді

 Қымбат Елтайқызы 10.12.2024 | 16:47
Павлодарда пиротехниканы заңсыз сату дерегі анықталды
фото: polisia.kz

Павлодарда пиротехникалық бұйымдарды рұқсат құжаттарынсыз сату дерегі анықталды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Polisia.kz мәліметінше, Павлодар облысында «Пиротехника» республикалық жедел-алдын алу шарасы өтіп жатыр. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында тәртіп сақшылары пиротехникалық бұйымдарды заңсыз сату мен пайдалану жағдайларының алдын алу мақсатында өңірде рейдтер жүргізуде.

Рейд барысында полицейлер пиротехникалық бұйымдарды сатуға рұқсат беру құжаттарын тексеріп, заң талаптарының сақталуын қадағалайды. Сауда орындарының иелері мен сатушыларға кәмелетке толмағандарға пиротехникалық өнімдерді сатуға тыйым салынғаны және бұл заңбұзушылық үшін жауапкершілік қарастырылғаны ескертіліп жатыр. Сонымен қатар, сақшылар әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізіп, онлайн сауда жолдарын да бақылауға алды, – делінген ақпаратта.

Байжанов көшесінде пиротехникалық бұйымдарды рұқсат құжаттарынсыз сату дерегі анықталды. Заңсыз сатылған 45 оқтұмсығы бар төрт қорап тәркіленіп, сатушыға 25 АЕК көлемінде айыппұл салынды.

Полиция қызметкерлері тұрғындарды пиротехникалық бұйымдарды қолдануда сақтық шараларын қатаң ұстануға шақырады. Фейерверк сатып алған кезде сатушыдан міндетті түрде өнімнің сәйкестік сертификатын талап ету қажет. Әрбір бұйымға пайдалану жөніндегі егжей-тегжейлі нұсқаулықтың болуы шарт. Мерзімі өткен пиротехникалық өнімдерді қолдануға қатаң тыйым салынады. Сонымен қатар, тәртіп сақшылары пиротехникалық заттарды қалтада сақтауға, оларды бөлшектеуге, механикалық әсерге ұшыратуға, жылыту құрылғыларының жанында ұстауға болмайтынын ескертеді. Сыртқы келбеті бүлінген немесе ылғалданған бұйымдарды кептіруге тырысу қауіпті.

Полицейлер ата-аналарды балалар қауіпсіздігіне ерекше назар аударуға шақырады. Балаларға пиротехниканы өз бетімен сатып алуға және оны үлкендердің бақылауынсыз пайдалануға тыйым салу керек. Бұл ретте түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп, қауіпті жағдайлардың алдын алу маңызды. Есте сақтаңыз, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау – өзіңізді және айналаңыздағы адамдарды қорғаудың басты кепілі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама