Halyq Uni логотип
×

ТЖМ мереке күндері қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды

Бірнеше мейрам жақындап келеді

 Қымбат Елтайқызы 09.12.2024 | 21:05
ТЖМ мереке күндері қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды
фото: Астана әкімдігі

Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарды демалыс және мереке күндері қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Мамандардың айтуынша, жаппай өткізілетін іс-шаралар мен адамдардың, әсіресе қыста таза ауада демалу оқиғаларының көбеюіне байланысты төтенше жағдайлардың алдын алу маңызды.

Аппараттық кеңес барысында Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Шыңғыс Әрінов ведомствоның аумақтық бөлімшелеріне алдын алу шараларын күшейту әрі қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді. Өрт қауіпсіздігі, судағы, таудағы қауіпсіз жүріс-тұрыс және жол қозғалысы ережелерін сақтау мәселелері бойынша азаматтармен түсіндірме әңгімелесуге ерекше назар аударылады.

Қауіпсіздік ережелерін сақтау көптеген оқиғаның алдын алады. Біз профилактикалық жұмысты күшейтіп, азаматтарды мұқият болуға шақырамыз, – деді ТЖМ басшысы.

ТЖМ бөлімшелері 2024 жылғы 14 желтоқсаннан бастап төтенше жағдай қаупінің жоғарылауына байланысты қызметтің күшейтілген режиміне көшіп жатыр. Бұған қосымша рейдтер, жаппай өткізілетін іс-шараларды бақылау мен демалыс орындарындағы қауіпсіздік кіреді. Сонымен қатар, өрт-тактикалық жаттығулар, бизнес объектілерінің қызметкерлеріне нұсқамалар әрі ұсынымдар беріліп, комиссиялық тексерулер өткізіледі.

ТЖМ азаматтарға қауіпсіздіктің негізгі ережелерін сақтау қажеттігін ескертеді:

  • Өрт қауіпсіздігі: жылыту және электр аспаптарын пайдалану кезінде абай болыңыз, балаларды қараусыз қалдырмаңыз, пиротехниканы пайдалану кезінде қауіпсіздік шараларын сақтаңыз;
  • Судағы қауіпсіздік: жұқа мұзға шықпаңыз, су айдындарында жүріс-тұрыс ережелерін сақтаңыз, балалардың судың жанында қараусыз болуына жол бермеңіз;
  • Таудағы қауіпсіздік: тексерілген жабдықты пайдаланыңыз, тиісті дайындықсыз әрі маршрутты білмей тау маршруттарына шықпаңыз;
  • Жол қауіпсіздігі: жол ережелерін сақтаңыз, әсіресе қысқы ауа-райында және көлікті басқару кезінде мұқият болыңыз.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама