Қызылорда облысындағы ауылда екі жылдан бері қылмыс тіркелмеген
Бұған қалай қол жеткізілгені белгілі болды
Қызылорда облысында екі жылдан бері қылмыс тіркелмеген ауыл бар, деп хабарлайды Halyq Uni.
Polisia.kz мәліметінше, Шиелі ауданындағы Жиделіарық ауылында екі жыл ішінде бірде-бір қылмыс тіркелмеген.
Ауылда 170 отбасы тұрады, яғни, мыңға жуық адам бар. Мұндағы отбасылардың барлығы дерлік мал ұстайды. Өйткені, ауылдық жерлерде мал мен егін – отбасының экономикалық әл-ауқатының негізі, – делінген ақпаратта.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ауылда 2022 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін бірде-бір қылмыс жасалмаған. Бұған азаматтардың тату-тәтті қатынаста болуы және учаскелік полиция инспекторы Орынбасар Олжабайұлының қолға алған профилактикалық шаралары негіз болды. Атап өту керек, аталмыш ауылда екі дүкен бар, алайда, ешқайсысында алкоголь сатылмайды.
Орынбасар учаскелік инспектор болғандықтан, ол бірінші кезекте ауыл тұрғындарымен және ақсақалдармен, кент әкімшілігімен, жергілікті мектеп оқушыларымен және олардың ата-аналарымен өзара байланыс орнатқан. Учаскелік инспектор ауыл әкімшілігімен бірге мал жаюды да ұйымдастырды.
Жергілікті тұрғындардың сөзінше, Орынбасар осы ауылға келгелі қылмыс тоқтаған. Учаскелік инспектор мектеп қызметкерлерімен де тығыз байланыста. Оқушылармен, ата-аналармен рейдтер ұйымдастырып тұрады.
Айта кетейік, қарапайым халықтың қайнаған тіршілігінің ортасында жүрген тәртіп сақшысы үйде өнегелі отағасы. Жан жарымен бірге екі қыз, бір ұл тәрбиелеп отыр.