БҚО-да қызы анасының үйі мен жер учаскесін тартып алған
Жауапкерлер зейнеткердің денсаулық жағдайын пайдаланып, оның еркінен тыс әрекет еткен

Батыс Қазақстан облысында сот 76 жастағы әйел Т.-ның тұрғын үйі мен жер учаскесін сыйға тарту келісім-шартын жарамсыз деп танып, оның құқығын қалпына келтірді, деп хабарлайды Halyq Uni Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.
Сотқа зейнеткер үйді сыйға тарту туралы келісім-шартты жарамсыз деп тану үшін жүгінген. Тергеу барысында оның ауыр жағдайға қарамастан, келісімге қол қоюға мәжбүр болғаны анықталды.
2024 жылы Т. өкпе пневмониясы, ми қан айналымының бұзылуы және басқа да ауыр диагноздармен аудандық аурухананың жансақтау бөлімінде жатқан. Осы кезде қызы А.-ның талабымен әйел ауруханадан бейсаналы халде шығарылып, Астана қаласына жеткізілген.
Қызы сол жағдайды пайдаланып, Т.-ның жалғыз тұрғын үйін кәмелетке толмаған ұлына сыйға тарту келісімін рәсімдеген. Соның салдарынан зейнеткер өзінің үйі мен жер учаскесінен айырылған.
Сот талқылауы барысында келесі деректер негізге алынды: Т.-ның денсаулық жағдайы ауыр болған, ол келісімшарт жасалған сәтте өзінің іс-әрекетін түсінуге қабілетсіз еді. Жауапкерлер Т.-ның денсаулық жағдайын пайдаланып, оның еркінен тыс әрекет еткен. Бұл келісім Т.-ның меншік құқығын өрескел бұзды, - делінген хабарламада.
Сот мәселені жәбірленушінің пайдасына шешіп, тұрғын үй мен жер учаскесін қайтаруға қаулы шығарды.