Нариман Төреғалиев өңірдің әлеуметтік жағдайына тоқталды
Батыс Қазақстан облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге оң әсер етеді. Бұл туралы өңір әкімі Нариман Төреғалиев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Бағдарлама аясында кейінгі екі жылда 7 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, ауылдық жерде бір жарым мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған. Несиеге қол жеткізе алмайтын халықтың әлеуметтік осал топтарына тауар несиесін беру жүзеге асырылып келеді. Қазірге дейін 195 отбасыға тауар несиесі ретінде 247 бас ірі қара, 474 бас ұсақ мал берілген.
«Өнім өндірісі көлемін арттыру және саланың дамуына инвестиция тарту мақсатында 2024-2026 жылдары агроөнеркәсіп саласында 120 млрд теңгеге 870 жаңа жұмыс орнын құру арқылы 38 инвестициялық жоба жоспарланған. Соның ішінде биыл 19 жоба аяқталады. Нәтижесінде өңірде өндірген ауыл шаруашылығы өнімінің үлесін 2026 жылға дейін 70 пайызға жеткізу жоспарда бар», - дейді Нариман Төреғалиев.
Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сәйкес, еңбек нарығында экономикалық белсенді халықтың саны облыста 353 мың адамды құрап отыр. Оның ішінде жұмыссыздар саны – 16 904 адам.
Қазір жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,9% құрап отыр. Сол себепті бұл мәселе біздің жіті бақылауымызда. Биыл БҚО бойынша 28 мыңнан аса адам жұмысқа орналасты. «Ауылда денсаулық сақтау саласын жаңғырту» бағдарламасы бойынша 2025 жылға дейін 50 нысан жобасы жоспарланған болса, 2023 жылы он екі нысанды пайдалануға бердік. Биыл 38 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Одан бөлек 13 нысан күрделі жөндеуден өтіп жатыр, - дейді Батыс Қазақстан облысы әкімі.
Нариман Төреғалиевтің айтуынша, ауылда мамандардың санын арттыру мақсатында оларға барынша көңіл бөлініп келеді. 2024 жылы медицина саласында резидентура бойынша тоғыз грант, абитуриенттерге 45 грант бөлінді. Сонымен қатар берілетін қаражат 5 миллион теңгеден 8 миллион теңгеге дейін көтерілді. Тұрғын үй және қызметпен қамтамасыз етіледі. Соның нәтижесінде биыл 131 медицина маманы облысқа жұмысқа қабылданды.
Брифинг барысында Төреғалиев 2023 жылы киіктерден зардап шеккендерге өтемақы неге төленбегенін түсіндірді.
«Былтыр шаруа қожалықтары киіктен зардап шекті. Мал азығын, жайылым жерлерін киіктер таптап кетті. Киіктерден зардап шеккендерге өтемақы төлеу мәселесі көтерілді. Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдері де келіп, шаруаларға өтемақы берілмейтінін түсіндірді. Ол үшін арнайы ереже бекітілуі керек, соның ішінде өтемақы төлеу нормасы енгізілуі керек», - деді аймақ басшысы.