Конституциялық сот шетелде тұратын қазақстандықтардың құқығын қорғады
Көлік пайдалану ережесіне қатысты шешім шықты
Қазақстанның Конституциялық соты азаматтың өтініші бойынша Жол жүрісі туралы (65-баптың 1-тармағы) және Көлік иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы (10-баптың 5-2 тармағы) заңдары нормаларының Конституцияға сәйкестігін тексеріп, қорытынды шешімін шығарды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Бұған дейін шетелде тұрақты тұратын Қазақстан азаматының басқа мемлекетте тіркелген көлігінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандырудан бас тартқан. Оның өзінің көлігімен Қазақстанға кірудегі мақсаты спорттық жарыстарға қатысу және туыстарына бару үшін уақытша сипатта болғанына қарамастан, аталған нормалардың негізінде оның өзіне меншік құқығымен тиесілі автомобилінің халықаралық қозғалыстағы автомобиль ретінде танылмауы бас тартуға негіз болған, – деп мәлімдеді Конституциялық сот.
Конституциялық сот мыналарды көрсетті.
Қазақстанның қолданыстағы құқығына жататын Қазақстан ратификациялаған Жол жүрісі туралы конвенцияға сәйкес (Жол қозғалысы туралы заңда осы Конвенцияны қолдануда алып тастау жоқ), көлік ретінде мемлекеттен тыс тұрақты тұратын және оны осы мемлекетке уақытша әкелген жеке тұлғаға тиесілі болуына байланысты халықаралық жол жүрісіндегі көлік болып есептеледі және оның азаматтыққа қатысы жоқ. Жеке тұлғаның негізгі өмірлік мүдделері назарға алынған мемлекетте тұрғылықты жері (әдеттегі, тұрақты) фактісі басымдыққа ие болуы керек.
Конституциялық сот мынандай тұжырымдарға келді.
Жол жүрісі туралы (65-баптың 1-тармағы) және көліктер иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы (10-баптың 5-2-тармағы) заңдардың қаралған нормалары Қазақстанда тұруға ықтиярхаты жоқ шетелдікке немесе азаматтығы жоқ адамға және олар біздің мемлекетіміздің аумағында пайдаланатын уақытша әкелінген көлігіне қатыстылығы тұрғысында Қазақстан Конституциясына сәйкес келеді. Аталған көліктің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру бойынша міндеттеме сақтандыру туралы заңның және Жол жүрісі туралы конвенцияның басқа нормаларына сәйкес сақталады.
Алайда, Қазақстан аумағына уақытша әкелінген біздің елімізде тіркелмеген көлік мемлекеттен тыс жерде тұрғылықты жері бар қазақстандыққа тиесілі және ол көлікті Қазақстан аумағында жеке өзі пайдаланатыны тұрғысында заң нормалары Конституцияға сәйкес келмейді. Қабылданған шешімге сәйкес, заңнаманы жетілдіру бойынша Үкіметке тиісті ұсынымдар берілді.