Елорда тұрғынынан ірі көлемде қарасора тәркіленді

Қымбат Елтайқызы

Есірткі қылмысы азаймай тұр

фото: polisia.kz

Жедел-профилактикалық іс-шаралар барысында тәртіп сақшылары аса ірі көлемде есірткіні заңсыз таратты деген күдікпен 30 жастағы ер адамды ұстады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Polisia.kz мәліметінше, оның еліміздің оңтүстік өңірлерінен тыйым салынған заттарды әкеліп, клиенттерді іздеп, олармен әлеуметтік желі арқылы келіссөздер жүргізгені анықталды.

Осы мақсатта ер адам пәтер жалдап, одан әрі сату үшін есірткі ораумен айналысқан. Тінту кезінде шкафтан сұр-қара түсті зат салынған пакет, арнайы иісі бар өсімдік тектес заты бар фольгаға оралған пакеттер, электронды таразылар, 5 мың дана көлеміндегі бос Zip-lock қаптар, сондай-ақ 7,5 млн теңгеге жуық ақшалай қаражат анықталып, тәркіленді, – делінген ақпаратта.

Сонымен қатар, тұрғылықты жерінен «ОСА» травматикалық тапаншасы, «РАК» травматикалық оқтарын атуға қабілетті газды тапанша мен 9 резеңке патрон табылды. Сараптама қорытындысына сәйкес, құрықталған азаматтан тәркіленген заттардың салмағы 2 келіден асатын қарасора шайыры екені анықталды.

Аталмыш факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Осы бап 10 жылдан 15 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады. Күдікті Астананың ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды.