Батыс Қазақстан облысында жайылым тапшылығы 13 есе азайды
620 мың гектар ауыл шаруашылығы жері мемлекетке қайтарылды
Батыс Қазақстан облысында 58 мыңнан астам шағын және орта бизнес нысандарында 130 мың адам жұмыс істеп жатыр. Бұл туралы өңір әкімі Нариман Төреғалиев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Жыл ішінде бұл салада 1,2 трлн теңгенің өнімі өндірілді. Шағын және орта бизнесті дамытуға биыл 22 млрд теңге бөлініп, 3 мыңнан астам жобаға қолдау көрсетілді. Сонымен қатар облыстағы индустриялық аймақта жалпы құны 14,9 млрд теңгеге 5 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Бұдан бөлек жалпы көлемі 2,8 гектар жер телімі негізінде шағын өнеркәсіптік аймақ құрылысы қолға алынып жатыр. Шағын өнеркәсіптік аймақ алаңында өздерінің мүмкіндігі жоқ шағын бизнес субъектілеріне жаңа өндіріс орындарын ашу үшін дайын жер телімдері ұсынылады. Бұл – шағын және орта бизнесті одан әрі дамытуға мемлекет тарапынан жасалып жатқан үлкен қолдау, - дейді Нариман Төреғалиев.
Өңір әкімі ауыл шаруашылығы саласындағы жаңалықтарға да тоқталды. Айтуынша, қазір облыстағы ауыл тұрғындарын мазалайтын сұрақтың бірі – жайылым тапшылығы.
«Жергілікті атқарушы органдар тарапынан осы бағытта жүйелі жұмыстар күнделікті жүргізіліп жатыр. Мысалы, кейінгі 3 жылда мақсатына сай пайдаланылмай келе жатқан 620 мың гектар ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылды. 458 мың гектар жер учаскесі резервке қойылып, 140 мың гектар жер учаскесі «елдімекен» санатына ауыстырылды», - дейді Төреғалиев.
Облыс әкімінің сөзінше, 2022 жылдың бірінші қаңтарында өңірде жайылым тапшылығы 339 мың гектарды құраса, қазір бұл көрсеткіш 13 есеге азайып, 25 мың гектарға дейін төмендеген.
2024 жылы ауыл шаруашылығы саласын қолдауға 50 млрд теңге бөлініп, ауыл шаруашылығы құрылымдарына берілді. Биыл облыс бойынша егіс алқабы 616 мың гектарды құрады. Облыста егін ору науқаны толық аяқталып, 300 мың тонна астық, 96 мың тонна майлы дақыл, 50 мың тонна картоп, 46 мың тонна көкөніс және бақша өнімдері жиналды, - деді облыс әкімі.