Медина Майсар мемлекеттік грант негізінде білім алып жатыр
Астананың ауданаралық әкімшілік сотында мемлекеттік грант бөлу кезіндегі дауға қатысты талапкер Медина Майсардың ғылым және жоғары білім министрлігіне талап арызы қаралды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Бұған дейін Медина Майсар әлеуметтік желіде видео жариялап, ҰБТ-дан 119 балл жинаса да, грантқа түсе алмағанын айтқан. Содан кейін қосымша грант негізінде жоғары балл жинаған түлектер мемлекеттік грантқа ие болды. Оның ішінде сотқа жүгінген талапкер де бар.
Майсардың авдокаты Халида Әжіғұлованың айтуынша, ғылым және жоғары білім министрлігінің 2024 жылдың 2 тамыздағы №388 бұйрығында төтенше жағдай болған өңірлердегі түлектерге бөлінген 20% грант квота деп көрсетілген. Алайда білім туралы заңда квотаның 10 түрі ғана белгіленген, оның ішінде «төтенше жағдай» деген санат жоқ.
Адвокат ведомствоның «төтенше жағдай» санаты бойынша квота бөлу құқығы жоқ екенін айтады. Себебі заңның өзінде мұндай санат ресми бекітілмеген.
Соттағы сөзінде Әжіғұлова төтенше жағдай болған өңірлердегі түлектерге 20% квота бөлу туралы көрсетілген нормативтік құқықтық акт жоқ екеніне назар аударды. Ал орта жолдан жаңа бір санат ашу тек Парламент құзыретіне кіреді.
Ғылым министрлігі атынан сотқа қатысқан Бекет Алиғожин талапкердің Конституциялық құқығы шектелді дегенге келіспейді. Оның сөзінше, Майсар Алматыда өзі таңдаған жоғары оқу орнында «Құқық» мамандығы бойынша мемлекеттік грант негізінде білім алып жатыр.
Айта кетейік, ҰБТ-дан жоғары балл ала тұра, мемлекеттік грантқа ілінбегендер төтенше жағдай салдарынан зардап шеккендерге ортақ грант ішінен 5 мыңын бөліп беру, басқалардың мүмкіндігін шектеумен тең болды деп санайтынын айтқан.
Содан кейін Ғылым және жоғары білім министрлігі ҰБТ-дан жоғары балл жинаған түлектерге қосымша мемлекеттік грант тағайындады.