Білім саласындағы жобаның жұмысы талқыланды
Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында вице-премьер Тамара Дүйсенова М.Қозыбаев атындағы университетке барып, өңір әкімі, Мәжіліс депутаты Мұрат Әбеновтің, студенттердің, түлектердің және «Серпін» бағдарламасына қатысатын жұмыс берушілердің қатысуымен кеңес өткізді, деп хабарлайды Halyq Uni.
«Серпін» республикалық жобалау кеңсесінің жетекшісі Мұрат Әбенов бағдарлама жаңа серпіліс алып жатқанын айтып, «Серпін түлектері» қауымдастығын құру туралы бастаманы қолдады. Бұл ұйым абитуриенттер мен студенттерге қолдау көрсетеді, деп мәлімдеді Үкімет.
Солтүстік өңірде аталған бағдарлама бойынша 1350 адам білім алып, оқуын жалғастырып жатыр. Көптеген түлек осы өңірде жұмыс істеуді таңдаған. Отбасын құрып, облыстың дамуына үлес қосып отыр. Солардың бірі – Нұрсейт Әбдіразақов. Ол 2016 жылы Түркістан облысы Қазығұрт ауданынан келіп, университетке түскен. Қазір өзі оқу орнында қызмет етіп жүр.
Бағдарлама шынымен де тиімді. Мен болашағымды осы өңірмен және өз университетіммен байланыстырамын, – деді Әбдіразақов.
Премьер-министрдің орынбасары жоғары оқу орындары мен колледждердің кәсіпорындармен ынтымақтастығын нығайтудың маңызын атап өтті. Ол жұмыс берушілер қажеттіліктеріне сәйкес мамандар даярлау бағдарламаның табысты жүзеге асырылуының кепілі екеніне мән берді.
Өңірде 300-ден астам жұмыс берушімен меморандум жасалған. Биыл оқуын бітіретін 68 түлекке арналған жеке іс-шаралар ұйымдастырылды. Өңірдегі ірі компания өкілдері жас мамандарға сұраныстың жоғары екенін айтып, «Серпін» бағдарламасына белсене қатысуға дайын екенін білдірді.
Қазір кадр тапшылығы сезіліп отырған 8 өңір анықталды. Бағдарлама түлектерін осы өңірлерде жұмысқа орналастыру мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
Бағдарламаның әлеуметтік маңызы жоғары. Ол болашақ түлектерді тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеді және нақты кәсіпорындардың сұранысына сай кадрлар даярлайды. Келесі жылы бағдарламаға колледждердің қатысуы жоспарланып отыр. Бағдарламаны тиімді іске асыру үшін барлық мүдделі министрлік, облыс әкімдіктері мен жұмыс берушілер тығыз байланыста жұмыс істеуі керек. Бұл процесте аймақтық жобалық кеңселердің рөлі маңызды, – деді Дүйсенова.
Вице-премьер М.Козыбаев атындағы университет зертханаларымен танысып, оның ішінде «Серпін» бағдарламасы арқылы оқуға түскен студенттердің ғылыми зерттеулерін көрді. Мұндай заманауи зертханалар халықаралық сарапшылармен бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Мысалы, Қытайдың Солтүстік-батыс ауылшаруашылық университетінің ғалымдары Козыбаев университетінің студенттерімен бірлесіп, ауыл шаруашылығы және су ресурстары саласындағы жобалар бойынша жұмыс істеп жатыр.
Манаш Козыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті АҚШ-тың Аризона университетімен серіктес. Ынтымақтастық бағдарламасы қос диплом алу, ғалымдар арасында ғылыми алмасу, оқытушылар үшін бірлескен тағылымдамалар, сондай-ақ академиялық стратегия мен корпоративтік басқаруды жетілдіруге арналған ұсыныстарды қамтиды.