Halyq Uni логотип
×

Қой еті Жамбыл облысын қай елдерге экспортталады

Облыста етті қайта өңдеумен айналысатын 42 кәсіпорын бар

 Халық үні 30.11.2024 | 11:02
Қой еті Жамбыл облысын қай елдерге экспортталады
Фото: Halyq Uni

Қазақстанда қой етін эспорттаудан бірінші орында Жамбыл облысындағы «Мерке-ет комбинаты» ЖШС тұр. Қазір компанияда 56 адам жұмыс істейді. Бұл жерден ет Сауд Арабиясы, Катарға экспортталады. Компания өкілдері Halyq Uni тілшісіне кейінгі жылдары қанша ет шетелге жіберілгені туралы ақпаратты бөлісті.

2022 жылы «Мерке-ет комбинаты» 921 тонна қой етін экспорттаған. Ал 2023 жылы бұл 952 тоннаға жетті. Экспорттаушы мемлекеттер қатарында Бахрейн Корольдігі, Иран, Біріккен Араб Әмірліктері, Оман, Кувейт, Қатар бар.

Комбинат Жамбыл облысында Мерке ауданындағы Тұрар Рысқұлов ауылында орналасқан. Мұнда 85 мың адам тұрады.

1970-1980 жылдары Меркі ауданы республикада ет өндіріс бойынша танымал болды. Жайылым мен су ресурстарының көптігі ауыл шаруашылығының қарқынды дамуына ықпал етті. Комбинат 1987 жылы іске қосылды, - дейді компания өкілдері.

Комбинат мал бордақылау, етті шұжық өнімдеріне, консервіленген өнімдерге және жартылай фабрикаттарға союға және өңдеуге маманданған. Комбинат 49 га жер аумағын алып жатыр, оның 5 га алаңында цехтар, қосалқы үй-жайлар және комбинат базалары орналасқан. Өндіріс алаңы 3000 шаршы метрді алып жатыр. Мұнда бір мезетте 350 мың тонна ет сақтауға болады.

Ет комбинатының жанында еттің қажетті стандарттарға сәйкестігін тексеруге мүмкіндік беретін жеке ветеринариялық сараптама зертханасы бар.

Зауыт күнделікті өндіре алады:

  • 3,5 тоннаға дейін консервіленген ет өнімдері: бұқтырылған ет, қарақұмық және күріш ботқасын;
  • «Халал» маркасымен белгіленген 1,5 тоннаға дейін шұжық өнімдері;
  • 10 тоннаға дейін ет.

Айта кетейік, Жамбыл облысында ауыл шаруашылығында өндірілген жалпы өнімнің 52 пайыздан астамы мал шаруашылығы саласына тиесілі. Қазір облыстағы жалпы мал басы 4,3 млн, оның ішінде мүйізді ірі қара саны – 486,3 мың, қой саны – 3,6 млн, жылқы саны – 169,6 мың басты құрап отыр.

2024 жылдың басынан бері салада 193,5 мың тонна сүт өндіріліп, 1,2%-ға артса, 93,5 мың тонна ет өндіріліп, 2,9%-ға артты. Сондай-ақ 1 554,2 тонна (233 тонна сиыр еті, 739,6 тонна қой еті, 0,2 тонна жылқы еті, 376,4 тонна құс еті және 205,0 тонна малдың ішкі өнімдері) ет экспортталды.

Қазақстанның Катардағы елшілігінде «Меркі-ет комбинаты» серіктестігі мен «Al Dayat For Trading» компаниясы арасында 1 млн АҚШ долларына ет пен ет өнімдерін экспорттау туралы келісімге қол қойылды. Біздің негізгі міндетіміз – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен өзімізді толық қамтамасыз ету, өнімділікті арттырып, шикізат өндіру­мен ғана шектелмеу үшін қайта өңдеу саласын қарқынды дамыту, - дейді ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшенов.

Оның сөзінше, қазір облыста етті қайта өңдеумен айналысатын 42 кәсіпорын бар. Оның ішінде қуаттылығы 300 бас ұсақ қара малды және тәулігіне 50 бас мүйізді ірі қара малды сойып өңдейтін 2 ет өңдеуші кәсіпорындар («Меркі ет комбинаты» ЖШС, «Первомайские деликатесы» ЖШС) ірі кәсіпорындар қатарына жатады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама