Бір айдан бері іске қосылған бұл мүмкіндікті пайдаланып үлгергендер де бар
Жұмыстағы басшың көңіліңді қалдырса, енді ол туралы пікір жазып, есеңді қайтаруға мүмкіндік бар. Ол үшін HR Enbek порталына кіріп, пікір білдіру батырмасын басу қажет. Қызмет түрін мемлекеттік қызметкерлер де, қарапайым жұмысшылар да пайдалана алады, деп хабарлайды Halyq Uni КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Бір айдан бері іске қосылған бұл мүмкіндікті пайдаланып үлгергендер де бар екен. «Пікір білдіру» батырмасын тек қызметкерлер емес, жұмыс беруші де пайдалана алады.
Қолданушыға жазылған әр сын-ескертпені бір рет өзгертіп, редакциялау құқығы берілген. Тек мәтінде балағат сөздер, ар-намысқа тиетін лексикон қолданылмауға тиіс. Әдептен асқандарды бағдарлама бұғаттап тастайды.
Айта кетерлігі, бұл жүйеде қазіргі бастығыңызға да, бұған дейінгі жұмыс берушіге де барлық ренішіңізді тәптіштеп жаза аласыз. Оның жұмысын да 5 жұлдызға дейін бағалауға болады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қолға алып жатқан бастама негізінде әрбір сынға басшылықтың жауап беруі міндеттеледі.
Бұл пікір қалдыру анонимді емес. Сондай-ақ бұл тек мемлекеттік салаға емес, барлық жұмысшыға арналған. Әр пікірді электронды цифрлы қолтаңба қою арқылы растайды. Пікір қалдыру бойынша көлемі бойынша шектеу жоқ. Пікір білдіруде жұмыс берушінің де, жұмысшының да бір рет пікірін өзгертуге құқығы бар, - дейді Еңбек ресурстарын дамыту орталығы директорының орынбасары Ерболат Исламов.