Олардың арасында балалар да бар
Павлодар облысында полиция жолда қалған шетелдік жолаушыларға көмектесті, деп хабарлайды Halyq Uni.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Павлодар-Успен автожолы (Розов ауылының маңы) патрульдеу кезінде учаскелік полицей жол жиегінде тұрған автобусты байқаған. Жүргізуші автобустың бұзылғанын, жолда шамамен 3 сағат тұрғанын айтқан.
Онда Тәжікстанның 60 азаматы болған. Оның арасында 10 бала және сәбилер де бар.
Барлық жолаушы тоңып қалды. Жолда көлік болмады. Сондықтан уақытты жоғалтпай бірден балалар мен әйелдерді қызметтік көлікке отырғызып, ауылдағы мәдениет үйіне жеткіздім, ал ер адамдар жаяу барды. Бәрін орналастырып, азық-түлікпен қамтамасыз еттім. Кейін болған оқиға туралы полиция бөлімшесінің кезекші бөліміне хабарладым, – деді Павлодар аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Бауыржан Бидаев.
Оның айтуынша, автобус Новосібір қаласынан (Ресей) Тәжікстанға бара жатқан. Түнгі сағат 23.00 шамасында көлік жолда бұзылып қалған. Жүргізуші автобусты жөндей алмаған. Осылайша, шетелдік жолаушылар отырған көлік 3 сағат жолда тұрған. Полицей түнгі сағат 2-де оқиға орнына келген.
Бізге көмектескен полицияға ризамын. Ол бірден шешім қабылдап, әйелдер мен балаларды көлікпен таси бастады, 4-5 рейс жасады. Бізге жол көрсетті. Ауылдағы мәдениет үйінде жылындық. Бауыржан бізді тамақтандырды, оған рақмет айтамыз, - деді жолаушы Абдуллох.