×

Шу қаласында көпқабатты тұрғын үйлердің ауласы әжетханаға айналып барады

Қала әкімі бұл мәселенің алдағы 5 жылда шешілмейтінін айтты

 Ұлдана Жұбай 15.06.2022 | 17:39
фотолар: Halyq Uni

Жамбыл облысында көпқабатты тұрғын үйлердің дәретханаларына қатысты тағы дау шықты. Бұл жолы Шу қаласының тұрғындары әжетін далада өтеп жүргенін айтты. Ал, балалардың ойын алаңы дәретханалардың дәл жанында орналасқан. Дәл осылай жалғасып келе жатқанына 30 жылдан асқанын айтқан тұрғындарың жанайқайын Halyq Uni тілшісі тыңдап қайтты.

Шу қаласының қақ ортасындағы «Қант зауыты» атанып кеткен қос үйдің алды «дәретханалар қалашығы» аталып кеткен. Тұрғындар қолына күрек алып, үй алдынан әжетхана қазуды әдетке айналдырған. Әжетін өтейтін ортақ дәретхана болмаған соң, әр отбасы өзіне орын сайлайды екен.

«Қант зауыты жұмысын тоқтатқан соң бұл жерде әркім ойына келгенін істей бастады. Қалауынша дәретхана қазып алады. Ал оның иісінен біз зардап шегіп жатырмыз. Біздің кінәміз не? Біз не істейміз? Қолымыздан келетін ештеңе жоқ», - дейді Шу қаласының тұрғыны Айман Хамирова.

Бұл маңда кейде дәретхана салудан «жарыс» ұйымдастырылып жатқандай көрінеді. Тұрғындардың қазып алған дәретханалары балалардың ойын алаңына дейін жеткен.

«Қазіргі жағдайымыз өте қиын. Біріншіден, бұл жер өте қауіпті. Себебі мұнда слив жоқ. Иісті былай қойғанда, балалар ойнайтын орын қалмады. Шұңқыры бар, басқасы бар. Біз жаққа келген адамдардан ұяламыз. Қонақ шақырғымыз келмейді. Таныстарымыз «Әжетханалар әлемінде» тұрады деп ойлайды», – дейді тағы бір Шу қаласының тұрғыны Серікгүл Исмагулова.

Бұл жағдайдан Шу қаласының әкімі Ержан Естияр да хабардар болып шықты. Алайда, мәселені шешуге ниет болғанымен, ақша жоқ екен. Қала басшысы кәріз жүйесінің 80% жарамсыз екенін растап, оны ауыстыруға 3 млрд теңге кететінін айтты.

Жаңа қызметке келгелі осы мәселені көтеріп жатырмын. Негізі ондағы дәретханалардың бәрінің көзін құрту керек. Жауып тастау керек. Келесі жылы бұл мәселе толық шешіледі деген сенімім бар, - деді Шу қаласының әкімі.

Алайда, былтыр жыл соңында Шу қаласының әкімі болып сайланған Ержан Естияр айтқан сөзінен айнып, қаладағы кәріз жүйесін ауыстыруға келесі жылы былай тұрсын, алдағы 5 жыл бойынша бюджеттен қаржы қарастырылмағанын айтты. Демек, қос үйдің тұрғындары әжетін далада өтеуін әлі бірнеше жыл жалғастыра бермек.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама