Шымкентте қыз зорлау күдігіне іліккен санитарлар жұмыстан шеттетілді

Халық үні

Полиция қызметкерлерінің шешімі шыққаннан кейін толық ақпарат беріледі

фото: Halyq Uni

Науқас қыздарға зорлық жасады деген күдікке ілінген Түркістан облысы психикалық денсаулық орталығының қызметкерлері жұмыстан уақытша шеттетілді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Мекеме басшылығының мәлімдеуінше, Шымкентте орналасқан орталық қызметкерлеріне қатысты қызметтік тексеріс жүргізілген. Алайда ол полиция тергеуі басталған соң уақытша тоқтатылыпты. Мекеме басшылығы қос маманның жұмыстан шеттетілуі де уақытша дейді. Олардың қызметке қайта келуі әбден мүмкін. Бәрі де құзырлы орган өкілдерінің сараптама нәтижесінен кейін белгілі болмақ.

Арнайы шағым түскен жоқ. Ішкі тәртіп бойынша, өз тарапымыздан қызметтік тексеріс жүргізілді. Қазір Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық полиция басқармасы тексеріс жүріп жатқаннан кейін әзірге тоқтатып отырмыз. Полиция қызметкерлерінің шешімі шыққаннан кейін толық ақпарат беріледі. Қызметкерлер тергеу жүргізілуіне байланысты уақытша жұмыстан шеттетілді, - деді психикалық денсаулық орталығы бас дәрігерінің орынбасары Бағдат Идияев.

Еске сала кетсек, бұған дейін Түркістан облысының психикалық денсаулық орталығында 2 қыздың зорланғанын жазған болатынбыз.