10 жасар қыздың өліміне себепкер болған құтқарушыға сот үкімі шықты
Жаза шартты түрде тағайындалды
Атырау қаласының №2 сотында 10 жасар қыздың өліміне себепкер болған құтқарушыға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Сотта анықталғандай, «Мұнайшы» спорт кешеніндегі ЖШС құтқарушысы өзіне жүктелген қауіпсіздік міндеттерін сақтамай, 10 жасар қызды ересектерге арналған жүзу бассейні залына өткізген. Қыз бала бассейннің тереңдігі 5,5 метр болатын қауіпті бөлігіне кетіп қалған. Жүзе алмағандықтан қыз бала бассейнге батып кеткен.
Құтқарушы тарапынан дер кезінде жағдайға назар аударылмай, шұғыл түрде көмек көрсету бойынша қауіпсіздік талаптарының сақталмауы абайсызда жасөспірімнің өлiмiне әкеп соққан, – делінген іс материалдарында.
Прокурор мен сотталушы арасында кінәні мойындау туралы процестік келісім жасалып, жәбірленуші тарап келісім шарттарымен келісті.
Үкім қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін барлық мән-жайлар ескеріле отырып, келісімдік іс жүргізу тәртібінде шығарылды.
Сотталушы ҚК-тің 306-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. ҚК-тің 63-бабын қолданумен жаза шартты түрде тағайындалды, – делінген сот хабарламасында.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.