Halyq Uni логотип
×

Сенатор Қазақстанға келетін эмигранттарға бақылауды күшейтуді ұсынды

Олардың арасында заң бұзатындар көбейген

 Дәурен Ерболат 28.11.2024 | 14:00
Сенатор Қазақстанға келетін эмигранттарға бақылауды күшейтуді ұсынды
Фото: Halyq Uni

Елімізде заңсыз көші-қон көрсеткішінің өсуі әлеуметтік тұрақтылық пен қауіпсіздікке қауіп төндіреді. Бұл туралы сенатор Бибігүл Жексенбай айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Депутаттық сауал Премьер-министр Олжас Бектеновке жолданды. Сенатор Бас прокуратураның деректерін келтірді.

Қазақстан заңдарын бұзған шетелдіктердің саны 2024 жылы едәуір өскен. Биылдың өзінде 82 мыңнан астам мигрант әкімшілік жауапкершілікке тартылған, ал 1,2 мыңға жуық жұмыс беруші шетелдік еңбек күшін заңсыз пайдаланған, – деді Бибігүл Жексенбай.

Оның айтуынша, жалған еңбек шартын, медициналық анықтамалар жасап, заңсыз есепке қойған халыққа қызмет көрсету орталықтары мен емдеу мекемелерінің қызметкерлерінен тұратын қылмыстық топ анықталған.

«Еңбек министрлігінің дерегінше, қазір елімізде 13,2 мың шетелдік ресми түрде жұмыс істейді. Еңбек мигранттарында жұмысқа шақыру туралы рұқсат қағазы жоқ. Заңды және заңсыз мигранттардың жинақталуы әлеуметтік-экономикалық қана емес, қауіпсіздік мәселесінің туындауына әкелуі мүмкін», – деді депутат.

Сенатор көші-қон ағыны күшейген жағдайда елімізге келетін шетелдіктерге бақылауды күшейту керек деген пікірде. Сондай-ақ, заңсыз көші-қон мен еңбек ресурсын пайдалануды ұйымдастырушыларға жазаны қатаңдату қажет.

«Шекарада қатаң шаралар қолдану, бақылауда инновациялық технология пайдалану және мигранттар арасында хабардарлықты арттыруды көздейтін кешенді тәсіл ғана өсіп келе жатқан қауіпті жеңуге көмектеседі. Қазақстан өзінің экономикалық мүддесін қорғап қана қоймай, қоғамда тұрақтылықты сақтап, барлығына қауіпсіз және әділетті түрде жұмысқа орналасуды қамтамасыз етуі маңызды», – деді Бибигүл Жексенбай.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама