Астанада 200-ге жуық жасөспірім полицияға жеткізілді
Олардың не үшін ұсталғаны белгілі болды
Елордада жасөспірімдер қылмысының алдын алу әрі кәмелетке толмағандардың құқықтық сауатын арттыру мақсатында «Түнгі қаладағы балалар» жедел алдын алу іс-шаралары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.
Полицейлер аудандық әкімдіктер, білім басқармасы мен Астана әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия қызметкерлерімен бірлесіп, саябақтар әрі гүлзарларды, компьютерлік клубтарды, кафелерді тексереді. Тексеру барысында кәмелетке толмағандардың түнде заңды өкілдерінсіз ойын-сауық орындарында болу фактілері анықталады, деп мәлімдеді жергілікті әкімдік.
Рейдтік іс-шаралар шеңберінде аудандық ІІО-ға 165 жасөспірім жеткізілді. Оның ішінде 6 кәмелетке толмаған бала есепке алынды. Жедел іс-шара барысында 151 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде ӘҚБтК-нің 442-бабының 2-бөлігі «Кәмелетке толмағандардың түнде ойын-сауық мекемелерінде немесе заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз үйден тыс жерде болуы» бойынша 109 факт бар, – деп қосты ведомство.
Балалардың заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, ойын-сауық мекемелері иелері сағат 22.00-ден кейін ата-аналары немесе оларды алмастыратын тұлғалары жоқ балаларды кіргізгені үшін жазаланды.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 442-бабына сәйкес, сағат 22.00-ден 6.00-ге дейін кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз үйлерінен тыс жерде, оның ішінде ойын-сауық мекемелерінде болуына әрі жүруіне тыйым салынады. Рейдтік іс-шаралар қоғамда құқықтық сана мен мәдениет деңгейін арттыру, заңдылық қағидаттарын дамыту және кез келген құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік мақсатында жүргізіледі.