Өңірде құқық бұзушылық азаймай тұр
Қостанай облысында абаттандыру ережелерін бұзғандарға 80 миллион теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Polisia.kz мәліметінше, облыста қоғамдық орындарды ластау және абаттандыру ережелерін бұзудың 16 мыңға жуық дерегі тіркелді. Облыс аумағында тазалықты сақтамаған және абаттандыру ережелерін бұзған азаматтарға жалпы сомасы 80,4 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, ең көп таралған құқық бұзушылықтар қатарында саябақтар мен скверлерді ластау, рұқсат етілмеген орындарға тұрмыстық қалдықтарды тастау және белгіленбеген жерлерде қоқыс жинау фактілері бар. Соның ішінде жиі кездесетін әрекеттердің бірі — темекі тұқылын кез келген жерге тастау. Мұндай әрекет үшін заң бойынша 10 АЕК (36 920 теңге) мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Жыл басынан бері осындай 3 600-ден астам құқық бұзушылық анықталды.
Полицейлер бұл бағытта басқа да мемлекеттік органдармен тығыз байланыста жұмыс істеп, рұқсат етілмеген полигондар мен абаттандыру ережелерін бұзудың алдын алуға ерекше көңіл бөліп отыр. Аймақта арнайы мобильді топтар жағдайды үнемі бақылауда ұстап, тексеріс жүргізіп жатыр. Нәтижесінде 43 рұқсат етілмеген қоқыс полигоны анықталды. Оның 20-сы жойылды. Атап айтқанда, Қостанай қаласында — 5, Амангелді ауданында — 4, Жітіқарада — 2, Қамысты, Наурызым, Ұзынкөл және Федоров аудандарында — 2, ал Рудный ауданында 1 полигон тазартылды, – делінген ақпаратта.
Қоғамдық орындарда тазалықты сақтау мәселесі — құқық қорғау органдарының басты назарында. Биыл абаттандыру ережелерін бұзудың 12 мыңға жуық дерегі тіркелді. Тұрғындар тарапынан абайсыздық пен жауапсыздық салдарын болдырмау үшін полицейлер түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға күш салып отыр.
Ескерткіштерді, ағаштарды, шағын сәулет нысандарын және басқа да сыртқы абаттандыру элементтерін зақымдау немесе олардың бастапқы қалпын өзгертуге рұқсат жоқ. Аялдамаларға, қабырғаларға, тіректерге немесе осы мақсатқа арналмаған басқа да нысандарға хабарландырулар, суреттер немесе жапсырмалар жапсыруға болмайды. Тауарларды, ыдыстарды немесе құрылыс қалдықтары секілді тұрмыстық емес қоқыстарды көгалдарда, тротуарларда немесе контейнерлік алаңдарда сақтауға тыйым салынады.
Қыстың таяп қалғанын ескеріп, полиция қызметкерлері қар мен мұзды уақытылы тазарту қажеттігін еске салады. Бұл шаралар тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қоғамдық орындардың абаттандырылуын сақтауға бағытталған. Сонымен қатар, ел аумағында экологиялық мәдениетті арттыру және қоршаған ортаны қорғау мақсатында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасып жатыр. Акция аясында әрбір азаматты табиғатқа жанашырлық танытып, елімізді таза ұстауға шақырамыз, дейді мамандар.