Алматы-Қорғас тасжолында ойқастағандар айыппұлмен құтылды
Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы бір топ көкпаршы Алматы-Қорғас тасжолында көкпар тартып, жолды жауып тастаған, деп хабарлайды Halyq Uni.
Облыстық полиция департаменті әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу барысында бір топ шабандоздың жол ережесін бұзғанын анықтады.
Құқық бұзушыларды учаскелік полиция қызметкерлері анықтап, полиция бөліміне жеткізді. Жол қозғалысының ережелерін өрескел бұзғаны үшін ер адамдар әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – делінген хабарламада.
Бұл ретте Еңбекшіқазақ аудандық сотының үкімімен көкпарды ұйымдастырушы 7, ал төрт қатысушы 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алынған. Қалғандары айыппұлмен құтылды.
Тәртіп сақшылары әлеуметтік желілерге құқықбұзушылықтарды анықтап, уақтылы жолын кесуге бағытталған тұрақты мониторинг жүргізіп отыратынын атап өтеміз. Жол қозғалысының барлық қатысушыларын қоғамдық тәртіпті және жол қозғалысы мен қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз, - делінген полиция хабарламасында.