Украинаға Германиядан ең соңғы үлгідегі қару келе жатыр
Бұған дейін ГФР-ден бірде-бір қару-жарақ жеткізілмеген еді
Германия канцлері Олаф Шольц Берлиннің Украинаға ең соңғы үлгідегі қазіргі заманғы қаруларды бергелі жатқанын растады.
«Украинская правда» басылымының хабарлауынша, Шольц Германияның Украинаға соғыстың басынан бері қару-жарақ беріп келе жатқанын, соғыс біткенше дейін әлі де солай бола беретінін айтқан.
Қазір Украина үшін қысылтаяң кез келіп тұр. Украинаға көптеп қару-жарақ керек. Егер біз соңғы үлгідегі қаруларды бермесек ертең кеш болуы мүмкін. Сондықтан енді Украинаға ортақол қарулармен бірге, қазіргі заманғы зенит жүйесі мен артиллерияны тауып алатын радар жеткіземіз, – деді канцлер.
Шольц қару-жарақтарды беріп тұрудың Еуропа мен НАТО-дағы әріптестермен үйлесімділік жолымен іске асырылатынын мәлімдеді.
Ол Германия мен оның одақтастары үшін «НАТО-ның әрбір сантиметр жерін қорғаудың маңызы зор» екенін атап өтті.
Сондықтан Берлин НАТО-ның шығыс аумағын қорғауға қолда бар мүмкіндіктің бәрін жасай береді, - деді ол.
Осы арада айтатын бір нәрсе, бұған дейін Шольц Украинаға әскери көмек көрсетілетінін мәлімдегеніне қарамастан, немістің бірде-бір қаруы жеткізілмеген еді. Осыған байланысты Бундестаг депутаттары Ресейдің жеңілуі үшін украин әскерлерін қолдау керектігін айтқан болатын.