«Ресейліктерге Қазақстан азаматтығы сатылып жатыр». ІІМ түсінік берді

Қымбат Елтайқызы

Желіде осындай ақпарат тарады

фото: Halyq Uni

Еліміздің Ішкі істер министрлігі ресейліктерге Қазақстан азаматтығын сату туралы қауесетті жоққа шығарды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Stopfake.kz мәліметінше, интернеттің еліміздің сегментінде Ресей азаматтарының Қазақстан азаматтығын сатып ала алатыны жайлы дерек тарады. Құны 6500 еуродан басталады және бөліп төлеуге болады. Сондай-ақ, еліміздің паспортын алғаннан кейін бірқатар артықшылық беріледі екен. Оның ішінде тегін медициналық көмек алу, 90 елге визасыз бару мен америкалық E-2 визасын алу мүмкіндігі бар.

ІІМ бұл мағлұматқа қатысты түсінік берді.

«Интернетте ішкі істер органдарында бірқатар көші-қон қызметін алу, оның ішінде азаматтыққа қабылдау, құжаттарды жинау әрі ресімдеу қызметтерін көрсететін компаниялардың жарнамалары жарияланып жүр. Дегенмен, бұл фирмалар азаматтықты да, жеке басын куәландыратын құжаттарды да бермейді. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі осы саладағы интернет-алаяқтықтың ықтимал жағдайлары жайлы ескертеді. Қазақстан азаматтығын алу үшін өтініш білдірушілер ішкі істер органдарына жеке өзі жүгінуге тиіс. Бұл ретте, құжаттарды сенімхат бойынша немесе үшінші тұлғалар арқылы беруге тыйым салынады», – деді ведомство.