«Кәлиманы айтып, Алладан көмек сұрадым»: астанада бала ажалдан аман қалды
Есіл өзенінде мектеп оқушысы суға батып кете жаздады
Астанада нөсер жауыннан қайығы аударылып қалған мектеп оқушысы ажалдан аман қалды. Бұл туралы Батыржан Ибрагим есімді блогер Facebook-те видео жариялады. Онда жаңбырдың астында қалып, суға батып кете жаздаған бала анасына оқиғаның қалай болғаны туралы айтып берген.
Мама, бүгін мен суға бардым ғой. Қайықпен Атырау көпіріне дейін бардым. Содан кері қайтайын деп ойлап, артқа шегініп бара жатқанымда құлап кетпейінші деп кәлиманы, аятул күрси сүресін айтып, толқынға қарай бара жатқанмын. Сол кезде жаңбыр басталып, жел соғып кетті. Сосын қайық аударылып қалды, - деді ол.
Одан әрі ол тағы да Алладан көмек берші деп сұрағанын, сол кезде оған көмекке бір адамдардың келгенін айтты.
Бір адам «көмек керек емес пе?», деп сұрап жүгіріп келді. Мен кәдімгідей батып кетейін деп жатқан едім. Толқын мені бастырып тастайын деп жатқандай болды. Мен тағы Алладан көмек сұрадым. Судан шыққаннан кейін қатып қалдым. Сосын ішімнен жаңбыр тезірек тоқтасыншы деп дұға тіледім. Сол кезде жаңбыр, жел өзімен өзі бірден тоқтап қалды. Дұғамның тез қабыл болғанын білдім. Одан кейін «Алла егер мені естіп тұрсаң бір белгі берші», дегенде найзағай ойнап, тағы жаңбыр жауып кетті. Бір бала жүгіріп келді. Бір аға келді. Олар маған: «Біз қайықты аламыз, сен бара бер», - деді, - деп айтты.
Блогердің видеосы желіде қызу талқыланып жатыр. Желіні жиі қолданушылар баланың аман қалғанына Аллаға шүкіршілік айтуда.