Жайылымы тапшы ауылда егістікке түскен жылқыларды мылтықпен атқан
Ауылдағы мал саны 16 мыңнан асады
Жетісу облысындағы Қайнарлы ауылында жайылым тапшы. Тұрғындар жергілікті биліктен мал жаятын жер сұрайды, деп хабарлайды Halyq Uni 24.KZ-ке сілтеме жасап.
Тұрғындар елді мекен айналасы егістік алқап болғандықтан, төрт түлікті жайылымға шығара алмай отырғанын айтады. Қайнарлы ауылында 800-ден аса адам тұрады. Жергілікті халықтың дені мал шаруашылығымен айналысады. «Сондықтан жайылымды ұлғайтып, күнкөрісімізге қолайлы жағдай жасап берсе» дейді.
Ауылдың тұрғындарына мал жаятындай жайылым ашып, ауылдың халқын өзін-өзі қамтамасыз ететіндей және мал асырап, ет сүт өнімін өндіретіндей жағдай жасап берсе, мына халық өзін асырап қана қоймай, қалған елді де азық-түлікпен қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар, - дейді Қайнарлы ауылының тұрғыны Ержан Жаңажыл.
Ауылдағы мал саны 16 мыңнан асады. Төрт түлік жазда жайлауға, қыста қыстауға жіберіледі. Елді мекен маңында да жайылым бар. Аудан әкімі орынбасарының айтуынша, ол үшін тиісті жер телімі бөлінген.
Қайнарлы ауылында 2090 гектар жер бекітіліп берілген. Оның 1 490 гектары – жайлауда. 500 га ауылдың түбінде тұрған. Әрине, 1 490 ірі қараның бәрін ауылға қалдыратын болсақ, ие бола алмаймыз. Оған жер жетпейді. Ауылдың маңайының бәрі – егістік жер. Біз мұны жайылым жерге аудара алмаймыз, - дейді Ескелді ауданы әкімінің орынбасары Айдын Исабеков.
Тұрғындарды одан бөлек тағы бір мәселе алаңдатып отыр. Айтуларынша, жайылымда жүрген ауылдың жылқыларын бәзбіреулер пневматикалық қарумен атқан.
Үш айғыр үйірден 8 жылқы атылды. Бәрі осы жерге келіп жатқан. Бір күнде, тұманды күні. Қазір полиция басқармасы қарастырып, тергеу амалдарын жүргізіп жатыр, - дейді Қайнарлы ауылының тұрғыны Нұрдәулет Солтанұлы.
Тұрғындар бұрын жиын-терін науқаны аяқталған соң егістік алқапқа мал жаятынын, биыл кейбір шаруашылықтардың оған да мүмкіндік бермегенін айтады.
Күзде егін орылып, шабындығы шабылып болғаннан кейін малымызға жайылымға рұқсат бермесе, міне, алдын атып жатыр. Ертең малымызды жайып, осы жерге келетін болсақ, адамды да атып тастауы мүмкін. Біздің әрі-беріден соң ауылда тұруға қорқынышымыз бар, - дейді ауыл тұрғыны Қапан Шерияздан.
Жиналғандар жайылым тапшылығын заңды тұрғыда реттеп, біржолата шешіп берсе деген үмітте. Жалпы, Жетісу облысында кейінгі 3 жылда 480 гектар жер қоғамдық қолданысқа қайтарылған.