Елімізде психологиялық көмекке жүгінетін жастардың саны артқан
BF-line жобасының қорытындысы жарияланды
Қазақстандық жастар арасында психологиялық көмекке жүгіну мәдениеті артып келеді. «Bilim Foundation» «BF-line – кәмелетке толмағандар мен жастарды психологиялық қолдау қызметі» жобасының аралық қорытындысын жариялады.
Жоба операторы – Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы.
Әлеуметтік жобаның мақсаты – жастардың болашағына қатысты алаңдаушылығын төмендету, олардың психологиялық денсаулығын нығайту және кәсіби психологиялық көмекке жүгіну мәдениетін дамыту.
Шара барысында сарапшылар мазасыз күй, отбасыдағы жанжалдар, эмоционалдық қажу сияқты жастардың психикалық денсаулығының негізгі мәселелерін талқылады.
Жоба жетекшісі Жанат Досжанованың айтуынша, өтінімдер санының өсуі жастардың психологиялық саулық мәселелеріне бұрынғыға қарағанда көбірек ден қоятындығын көрсетеді.
Жоба іске аса бастаған сәттен бастап мамандарымыз 5 000-нан астам өтінімді өңдеді. Өткен жылы BFLine.org сайты арқылы 642 клиент кәсіби көмек алды. Ал 2024 жылдың 11 айында бұл көрсеткіш 1 800 өтінімнен асып отыр. Бұл жастардың психикалық денсаулықтың маңыздылығын түсінетіндігін, кәсіби қолдау сұраудан қорықпайтынын көрсетеді. Бұл – жастардың өз эмоционалдық күйіне қамқорлықпен қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам, - деп атап өтті Жанат Досжанова.
Айтуынша, жас қазақстандықтар мамандарға көбіне мазасыздық (19%), өзін-өзі бағалаудың тұрақсыздығы (12%) және отбасылық проблемалар (12%) себебінен жүгінген. Сондай-ақ, қажығанды сезуге (9%), балалар мен ата-аналар арасындағы қақтығыстарға (8%) және қорқынышқа (7%) қатысты өтінімдер де бар.
Біз кәсіби қолдауды Қазақстанның барлық жастарына қолжетімді болуын қамтамасыз етуге тырысамыз. BFLine.org сайтына түсетін өтінімдердің басым бөлігі 29-35 жас аралығындағы азаматтардан келеді (30%). 24-28 жастағы азаматтардан келген өтінімдер саны 29% және 18-23 жастағы азаматтардан түсетін өтінімдер саны 28% құрайды. Ал 14-17 жастағы жасөспірімдер өтінім бергендердің жалпы санының 13% құрайды. Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстарының жас қолданушылары жиі белсенділік танытады. Бұл өңірлердегі жоғары көрсеткіштер ақпараттық жұмыстың белсенді түрде жүргізумен, жергілікті жастардың психологиялық қолдауға деген мүдделігімен байланысты. Біз бұл жұмысты келесі жылы да жалғастырамыз, – деп түйіндеді Жанат Досжанова.