Дұрыс жүргізілмеген техникалық байқаудың салдарынан көлік иесі адам өліміне себепкер болды

Динара Амантай

Жүргізуші 2 жылға сотталды

Фото: Астана қ. әкімдігінің баспасөз қызметі

Қостанай облысында дұрыс жүргізілмеген техникалық байқаудың салдарынан көлік жүргізушісі 2 жылға сотталды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Ақпаратқа сәйкес, 2024 жылдың тамызында қайғылы жол-көлік оқиғасы тіркелген. Mercedes-Benz автокөлігінің жүргізушісі жаяу жүргіншіні қағып, зардап шеккен адам оқиға орнында көз жұмды. Жүргізуші апатты болдырмау үшін шұғыл тоқтауға тырысқанын айтқанымен, тежегіштің іздері оқиға орнынан табылмады.

Тергеу барысында көліктің тежегіш жүйесінде айтарлықтай ақау болғаны анықталды: дөңгелектерінің бірінде тежегіш дискісі жоқ болып шықты. Бұл тежеу тиімділігін күрт төмендеткен. Айта кетерлігі, апатқа дейін 5 күн бұрын бұл көлік міндетті техникалық байқаудан өткен. Көліктің тежегіш жүйесіндегі анық ақауларға қарамастан, оған жарамды деген рұқсат берілген, – делінген полиция хабарламасында.

Аталған дерекке қатысты жүргізушінің үстінен қылмыстық іс қозғалып, сот оны 2 жылға бас бостандығынан және 5 жылға жүргізуші куәлігінен айыру туралы шешім шығарды.

Сонымен қатар техникалық байқауды жүргізген кәсіпкер де жауапқа тартылды.

Айта кетсек, жыл басынан бері құқық қорғау органдары түрлі мемлекеттік мекемелерге осындай құқықбұзушылықтарды жою жөнінде 1 мыңнан астам ұсыныс жолдаған.