Halyq Uni логотип
×

Президент халықтың тұрғын үй жағдайларын жақсартатын заңға қол қойды

Кезекте ұзақ уақыттан бері тұрған адамдар баспанамен қамтылуға тиіс

 Халық үні 22.11.2024 | 20:37
Президент халықтың тұрғын үй жағдайларын жақсартатын заңға қол қойды
фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, деп хабарлайды Halyq Uni Ақордаға сілтеме жасап.

Заң азаматтардың, қандастардың тұрғын үй жағдайларын жақсартуға қатысты мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіруге бағытталған.

Түзетулердің бірінші блогы мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Отбасы банктің негізінде тұрғын үй кезегіне қоюды, есепке алуды және бөлуді бір орталықтан іске асыратын кешенді даму және қолдау институтын құруды көздейді. Сонымен қатар Отбасы банк жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үй үшін жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялауды, жеңілдетілген ипотекалық тұрғын үй қарыздарын беруді жалғастырады.

Отбасы банк тұрғын үйді бөлу кезінде баспанаға мұқтаж азаматтарды есепке қою күні мен табыс деңгейін ескереді. Бұл бірінші кезекте тұрғын үй кезегінде ұзақ уақыттан бері тұрған адамдарды баспанамен қамтуға мүмкіндік береді.

Түзетулердің екінші блогында тұрғын үйге мұқтаж адамдар үшін қосымша кепілдіктер енгізу қарастырылған.

Түзетулердің үшінші блогы мемлекеттік қолдау шаралары аясында берілген тұрғын үйді иелену және пайдалану тетігін регламенттейтін ережелерді толықтырып, нақтылайды.

Түзетулердің төртінші блогы жер заңнамасының жекелеген ережелерін, құрылыс, жеке тұлғалардың депозиттеріне кепілдік беру саласындағы заңнамаларды жетілдіруге бағытталған.

Заңның толық мәтіні баспасөзде жарияланады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама