Күдікті өз кінәсін мойындады
Астанада полиция қызметкеріне шабуыл жасаған ер адам ұсталды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Ақпаратқа сәйкес, оқиға кеше түнде болған. Қаладағы ойын-сауық мекемелерінің бірінде билік өкіліне күш қолданған 31 жастағы күдікті анықталды.
Тергеу мәліметінше, жас жігіт дәмханада қоғамдық тәртіпті бұзып, мекемеге келген басқа адаммен жанжалдасып, арты төбелеске ұласқан. Мекеме маңында екі ер адамның төбелескенін көрген полиция қызметкері оларды тәртіпке шақырмақ болған. Алайда олардың бірі билік өкіліне күш көрсеткен. Күдікті өз кінәсін мойындады. Осы дерекке қатысты тергеу іс-әрекетері жүргізіліп жатыр, – делінген полиция хабарламасында.
Ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Құқық қорғау органдары азаматтарға билік өкілдеріне зорлық-зомбылық көрсеткен жағдайда қылмыстық жауапкершілік көзделгенін, 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеп соғатынын еске салды.