Halyq Uni логотип
×

Алматыда ірі құрылыс нысанына айыппұл салынды

Оның не үшін жазаланғаны белгілі болды

 Қымбат Елтайқызы 22.11.2024 | 11:31
Алматыда ірі құрылыс нысанына айыппұл салынды
фото: polisia.kz

Алматы қаласында табиғатты қорғау полициясы Бостандық ауданы әкімдігінің қоршаған орта және экология бөлімімен бірлесіп, экологиялық талаптарды бұзған әрі абаттандыру ережелерін сақтамаған құрылыс нысанын анықтады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Polisia.kz мәліметінше, құрылыс алаңында қоқыс қалдықтарының шамадан тыс жиналуы мен лас қоқысты рұқсатсыз тасымалдау фактілері тіркелген. Осыған байланысты учаске басшысы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабының 1-бөлігіне сәйкес, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұдан бөлек, болашақта осындай заңбұзушылықтардың алдын алу үшін түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қалдықтарды өңдеудегі экологиялық талаптардың бұзылуы туралы материал қалалық экология департаментіне жолданды.

Алматы қаласы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Айтан Елеусізовтің айтуынша, «Таза Қазақстан» жалпыреспубликалық бағдарламасы және «Алматы – ортақ үйіміз» қалалық кампаниясы аясында шаһарды абаттандыру әрі экологиялық талаптарды сақтау шаралары күшейтілді.

«Жарқын күз» шарасы аясында 16 қыркүйектен бастап Алматыда абаттандыру ережелері мен санитарлық нормаларды бұзған 2 757 дерек тіркелсе, қоғамдық орындарды ластағаны үшін 2 232 хаттама толтырылды. Ірі көлемдегі қалдықтарды, сынған жиһаздарды, тұрмыстық техника және құрылыс қалдықтарын көшеге жинақтаған 569 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – делінген ақпаратта.

Қалалық табиғатты қорғау полициясы барлық азаматты қоршаған ортаға ұқыптылықпен қарауға әрі қалдықтарды шығару ережелерін қатаң сақтауға шақырады. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама